«Байқоңыр» қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ІІ Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды фильмдер кинофестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылған «Байқоңыр» қысқаметражды фильмдер фестивалінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Пәтер» және «Жесткий тип» фильмдері жеңіп алды. «Пәтер» фильмінің режиссері Ербол Бораншы «Үздік режиссер» атанды. Ал фестивальдің Бас жүлдесін «Жесткий тип» фильмімен Баймұрат Жұманов еншіледі.

 Үздік оператор - Тұран Мұрал («Малыбайдағы оқиға»), үздік қоюшы -суретші - Бекен Нарбай («Куб»), үздік сценарий - «6 пәтердің» авторы Олжас Ахметов, үздік эксперименталды фильм - Сәбит Әбдінің «Ғайша» фильмі, үздік деректі фильм - Жайық Белқожаевтың «Мен оралдым» фильмі, үздік анимациялық фильм - Тоғжан Байсабаеваның «Сиқырлы бақшасы»; үздік актриса - Перизат Маденова, үздік актер ретінде Ерболат Ержанов танылса, қазылар алқасының арнайы жүлдесі Самғар Рақымның «Малыбайдағы оқиға» фильміне бұйырды.

«Байқоңыр» кинофестивалі осымен екінші рет өткізіліп отыр. Фестивальдің басты мақсаты жас кинематографистерге фильмдерін көрермен алдына шығаруға мүмкіндік жасау және отандық қысқаметражды фильмдерді насихаттау. Фестивальдің үздіктерін анықтауға қатысқан қазылар алқасы мүшелері ішінде ҚР Кинематографистер одағының төрағасы Ахат Ибраев, «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Дебют» ШӨБ басшысы Анар Қашағанова, режиссер Жанабек Жетіруов, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов және басқалар бар.
nullnull

Айта кетелік, режиссер Ербол Бораншының «Пәтер» фильмі Камбоджадағы 6-шы Халықаралық Chaktomuk қысқаметражды фильмдер фестивалінің іріктеуінен өтіп, негізгі бағдарламасында бақ сынайды. Фестиваль Пномпен қаласында қазанның 25-і мен 30-ы аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар