Батысқазақстандықтар белгілі ғалым Мәтжан Тілеужановты еске алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужановтың 90 жылдығына арналған шара өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған «Қазақ әдебиеттану ғылымы мен фольклортанудағы жаңа бағыттар және профессор Мәтжан Тілеужанов мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға өзге өңірлерден келген ғалымдар да қатысты.

Жиынды ашқан университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Асхат Иманғалиевтің атап өткеніндей, Мәтжан Мақсымұлы қазақ әдебиеттану мәселелерін зерттеумен бірге соңына мол мұра қалдырды.

1950 жылы Орал педагогикалық институтын (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ) үздік бітіргеннен кейін Мәтжан Тілеужановтың өмірі мен қызметі 1995 жылы дүниеден озғанша осы оқу орнымен тығыз байланысты болды. 1953-1956 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының аспирантурасында оқып, 1957 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1982 жылы докторлық диссертациясын қорғаған ғалым зерттеушілік жұмыстарымен айналысумен бірге филология факультетінің деканы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. 1986 жылы профессор, бір жылдан кейін  республика жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер атағы берілді. Ол сондай-ақ ел ішіндегі ауыз әдебиеті нұсқалары мен қолөнер туындыларын жинады. Оның көрмесі Марокко, Сауд Арабиясы сынды шет елдерде де ұйымдастырылды. Сондай-ақ республикада алғаш рет этнопедагогика және фольклор кабинетін ашты. Ғалым жинаған қолөнер туындыларының бірқатары қазір университет музейінде сақтаулы.

null 

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Қанипаш Мәдібаева «Профессор Мәтжан Тілеужанов зеттеулеріндегі көкейкесті әдебиеттану мәселелері», ғалымның шәкірттері, филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Алпысбай Мұсаев «Профессор М.Тілеужанов зерттеулерінің негізгі бағыттары», филология ғылымдарының кандидаты, қазіргі кезде Ақтау қаласында тұратын белгілі айтыс ақыны Мэлс Қосымбаев «Алмас тіл, алтын жүрек, абыз кеуде» тақырыбында баяндама жасады.

«Мәтжан Мақсымұлы Тілеужановтың тілінен сорғалаған, қаламынан жорғалаған «Халық тағылымы» (Алматы, «Рауан», 1996) тағылым мен таным да, тағдыр мен тарих та, өнеге мен өнер де, дәстүр мен салт-сана да халықта дегенге саяды. Сайып қана қоймай, сайыпқыран халықтың төл образын ауыз әдебиетіндегі алуан жанрлармен ашып көрсетеді.

null 

«Ел әдебиеті» - (Алматы, «Ана тілі», 1992) шын мәнісіндегі Ел әдебиеті. Сол елдің көкірегіндегі көркем жыр, әсем ән, шешендік шиырлар, бата сөздер, батырлар жыры, ақындар жыры зерттеушінің қаламына қанат қақтырған.

Әзірейілмен әзілдескендей қаламгерлердің қағытпалары, юмор, сатира, сарказм сарындары астары мақпал көрпедей «Астарлы әзілде» (Алматы, «Жазушы», 1978) шиыршық атады, жуан мойындарды шындықтың шыны аязына ұстайды. Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» - рухтарда, өмірге қазақ болып келіп, қазақ болып кеткен рухтарда, өмірге азат болып келіп, азат болып кеткен рухтарда. Рухы парлаған Мәңгілік елдің қатарында Мәтжан ағай да бар. Рухы шарлаған Мәтжан ағайдың қаламында Мәңгілік ел де бар.

null 

Қазақ ғылымында енді Мәтжантану басталады. Бұрын басталу керек еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ. Этнопедагогика, этнография, далалық билер институты, демография, тарих, мәдениет, әдебиет, философия иірімдері Тілеужановты тереңнен толғандырды. Қалыпқа сыймайтын автордың дүниетанымы да қалыпқа сыймайтын. Басына ноқта түспеген ғалым басына ноқта түспеген кітаптар жазды. Жаратылысы қандай болса, жазуы сондай еді, жазуы қандай болса, жаратылысы сондай еді», деді Мэлс Қосымбаев.

Филология ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Бибігүл Қайыржанова «Рухани жаңғыру және Мәтжан Тілеужанов мұрасына жаңа көзқарас» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Жергілікті ғалымдар да Мәтжан Тілеужанов зерттеулерінің құндылығын еш жоғалтпағандығын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында профессор мұрасын қайта зерделеп, жарыққа шығару қажеттігін жеткізді. 

null 

Соңғы жаңалықтар