Батысқазақстандық және самаралық ардагерлер бірлесіп жұмыс жасамақ

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық және самаралық ардагерлер бірлесіп жұмыс жасамақ. Бұл туралы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, Ресейдің көршілес өңірлерімен бұрыннан қарым-қатынас болғанымен, бұл жолы Самара облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Иван Сахаров бастаған меймандар Оралға арнайы келді. Биыл республикалық ардагерлер ұйымына 30 жыл толғалы отыр. Осыған орай Ресейдің Самара және Орынбор облыстарынан келген ардагерлерді БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев арнайы қабылдап, екі жақты тиімді байланыстың одан әрі өрістеуіне тілектестігін білдірді. Содан кейін Батыс Қазақстан және Самара облыстық ардагерлер ұйымдары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ұйымдар бір-бірімен ескерткіш сыйлықтармен алмасқаннан кейін шара Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері қойған концертке ұласты.

«Біздер өзара тәжірибе алмасып, бұрынғыдан да тығыз байланыс жасамақпыз. Бір-бірімізге барып, тату-тәтті көршілік пен достықты нығайту мақсатында мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыратын боламыз. Мысалы, осы жолы Оралда ардагерлер арасында балық аулаудан халықаралық жарыс өткіздік», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Мұхамбетов.

Айта кетейік, балық аулау сайысына Самара, Орынбор, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 12 команда қатысты. Жарыс қорытындысында «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, Орынбор қаласы, "KazTransCom" АҚ жүлделі орындарды бөлісті. Жеңімпаз-жүлдегерлер медаль, дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды. Балық аулау жарысына «ҚПО б.в.» компаниясы мен «КазАрмаПром» АҚ демеушілік етті.

Соңғы жаңалықтар