Батысқазақстандық мәдениет қайраткері Мақсот Омарғалиев өмірден озды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының мәдениет саласында жарқын із қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби музыкант, әнші, режиссер Мақсот Омарғалиев өмірден өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Мақсот Константинұлы 1945 жылы 7 қазан күні Ресей Федерациясының Волгоград облысында дүниеге келді. Еңбек жолын 1968 жылы Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған ол бір жылдан кейін Орал қаласындағы музыка училищесіне вокал мамандығы бойынша оқуға түсті.

Мақсот Омарғалиев 1973-1984 жылдары Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі, кейін директорының орынбасары қызметін атқарды. 1984-1988 және 2003-2005 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, 1988-1992 және 2005-2011 жылдары Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры болды. Ал 1992-2003 жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына басшылық етті. 2011 жылдан бері Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі болып жұмыс жасады.

Баритон дауысты әнші «Ұшқын», «Думан-концерт», «Жайық толқыны», «Ән қанатында» және «Гүлдерайым» жастар ансамбльдерінің құрамында өнер көрсетіп, бірқатарының іргесі бекіп, қанаттана түсуіне ұйытқы болды. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық музыкасын насихаттау мақсатында құрылған «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін бүгінгі таңда бүкіл ел біледі. Көптеген өнер ұжымдары, кітапханалар мен музейлер, басқа да мәдени ошақтардың жемісті жұмыс жасауына сүбелі үлесін қосты. Өңірдегі ірі мәдени-көпшілік шаралардың барлығы режиссерлік қолтаңбасы ерекше Мақсот Омарғалиевтің қатысуынсыз өтпейтін. Оның қолы тиген жердің бәрі жанып жүре беретін, ұйымдастырушылық қабілеті де, адамгершілігі де мол еді.

Соңғы жаңалықтар