Батыс Қазақстанда мұнай өнімдерін өңдейтін жаңа қондырғы іске қосылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласындағы «Конденсат» АҚ-да жобалық қуаты жылына 250 мың тонна болатын вакуумдық айыру секциясы іске қосылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, құрылыс бір жылға жуық мерзімге созылып, бір ай бойы іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілген. Мамандар 16 шақырымнан астам құбыр тартып, 1 мың тоннадай металл құрылмаларын және жалпы көлемі 4 мың текше метр жеті резервуарды тұрғызған.

Жаңа қондырғы ауыр мұнай өнімдерін өңдеп, ақшыл мұнай өнімдерін шығаруды 90 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Конденсат» АҚ-ның бас директоры Эдуард Жүнісовтің айтуынша, қазірдің өзінде нарықта үлкен сұранысқа ие  жол және жабын битумдарын өндіру үшін пайдаланылатын 1 мың тоннадай гудрон шығарылған. Сонымен қатар 2,5 мың тоннадай вакуумды газойль өндірілген. Дизельді отын, бензин және майлайтын май өндіруге жұмсалатын вакуумды газойльды Қазақстан, Ресей және алыс шет елдердегі мұнай өңдейтін кәсіпорындарға жөнелту көзделуде. Газойльдың алғашқы легі Финляндияға жіберілуде.

Аталмыш жоба құны - 168,6 млн. АҚШ доллары. «Қазақстан Даму банкі» АҚ қажетті қаржыландырудың 70 пайыздан астамын көтерген, қарызды 11 жылға дейін қайтару көзделген.

Айта кетейік, «Конденсат» АҚ биыл 418 мың тонна мұнай өнімдерін, соның ішінде 113 мың тонна АИ-92 бензинін, 14 мың тонна АИ-95 бензинін, 23 мың тонна дизельді отын, 134 мың тонна тіке айдалатын газойль фракциясын, 74 мың тонна вакуумды газойль, 16 мың тонна гудрон, 15 мың тонна қазандық отынын өндіруді жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар