Балық инспекциясын жабдықтамайынша, браконьерлерді жоя алмаймыз - Ноғаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атыраудың балық инспекциясын материалдық-техникалық жабдықтау үшін 1 млрд 200 млн теңге қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 «Бізде шиеленісіп тұрған мәселе - заңсыз балық аулау. Яғни, браконьерлік. Атап айтар болсақ, биылғы жылы  1 300 құқықбұзушылық анықталды. Оның 250-і сотқа жіберілген болса, 18 қылмыстық іс қозғалды. 20 тонна, оның ішінде 1 тонна 200 келі қызыл балық, 1 300 тонна заңсыз балық аулау құралдары және 230 заңсыз қайық тәркіленді.  27-сі - «Байда» қайықтары. Олардың қуаты заңсыз орнатылған моторлардың есебінен 500 аттың күшіне дейін жетеді. Бағасы - 50 мың доллар. Бұл бұрын болмаған істер», - деді облыс басшысы.

Осы ретте Нұрлан Ноғаев барлық  мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, ішкі істер департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бірлескен жұмыстарының нәтижелі болып отырғандығын баса айтты.

«Бұл жерде Бақытжан Әбдірұлы, атап өтетін мәселе - браконьерлердің материалдық-техникалық жабдықталуы. Олардың жабдықталуы  мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық жабдықталуынан әлдеқайда зор және күштірек. Осыны ескере отырып, балық инспекциясын қажетті қайықтармен, теңізде жүретін кемелермен басқа да видеокамералар, дрондармен, басқа қажетті материалдермен жабдықтау үшін біз өз ұсынымызды 1 млрд 200 млн теңгеге енгізген едік. 2018 жылға 620 млн теңге қажет. Осыны ұсынысты қолдауыңызды сұраймын. Сіз осында сапармен болған кезде де осы мәселе туралы айтқанбыз. Балық инспекциясын қажетті заттармен қамтамасыз етпесек, онда браконьерлікті жою неғайбыл», - деді Атырау облысының әкімі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Соңғы жаңалықтар