Балқаш туризмін дамыту үшін көлік қатынасы жақсартылады

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен жиында маңызды мәселелер талқыланды, деп хабарлайды karaganda-region.gov.kz .

Қала Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан, ондағы шағын және орта кәсіпорындар туризм саласында жұмыс істейді. Бірақ соңғы кездері Балқашқа қатынау қиындап кеткен.

- 2016 жылы Қарағанды-Балқаш-Қарағанды бағытындағы теміржол құрамы алынып тасталды,- деді қала әкімі Александр Аглиулин.- Балқаш қаласына туристер көптеп келетінін ескере, және қала тұрғындарының өтініші бойынша осы бағыттағы құрамды қайта қалпына келтіру қажет. Және де Балқаш-Мәскеу бағыты бойынша тіркелмелі вагонды қосу қажет. Қысқы уақытта автожол жабық болатындықтан, Қарағанды-Балқаш-Қарағанды пойызына қосымша вагондар қосу керек.
Сонымен қатар қала әкімі Балқаш әуежайының («Жезқазған Эйр» АҚ бөлімшесі) ұшу-қону жолағын қалпына келтурі керектігін айтты. Бұл ұшу-қону жолағы ҚР Қорғаныс министрлігінің балансында. 2007 жылы жартылай жөндеу жұмыстары жасалған.
- Балқаш қаласына, оның ішінде ЭКСПО мен қаланың 80-жылдық мерейтойын өткізу кезінде туристердің көптеп келуіне байланысты және жағажай туризмін дамыту мақсатында әуежайдың ұшу-қону жолағына толық жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет,- деп қосты Александр Аглиулин.- Және де антитеррорлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында тексеріс құрылғыларын орнатқан жөн. Бұл жөнінде біз Азаматтық авиация комитетіне бірнеше мәрте өтініштер жолдағанбыз, алайда әзірге еш нәтиже болмай тұр.
Сонымен қоса жиын барысында шағын және орта бизнес мәселелері де талқыланды. Көбіне кәсіпкерлер банктер кепілдік мүлік бағасының төмен болуына орай жобалар қаржыландырылмайтындығана шағымданды. Осы Балқаш қаласы кәсіпкерлерінің басты мәселесі.
- Ауыл шаруашылығы басқармасына Балқаш қаласын жанындағы ауылдармен қоса Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша «Қарағанды облысының қаржылай көмек қоры» АҚ арқылы несиелендірілетіндер тізіміне енгізуге қатысты хат жолданды. Бұл ауылда отбасылық және жеке бизнесті дамытуға жол ашады,- деді қала әкімі.
Осы орайда айта кетейік, «Балқаш сүт» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығы өндірісі саласында шикізаттың жетіспеушілігіне шағымданды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы 300 тонна сүтті қайта өңдеуге есептелген, алайда бүгінгі күні кәсіпорын тек 30 тонна шикізатты қайта өңдеуде.
- Ауыл кооперативтері қайда? Мен үнемі өндірушілерден шикізатымызды өткізетін жерлер жоқ дегенді естимін. Ал мында кәсіпорын қуаттылығының тек 10 пайызын ғана пайдалануда,-деді аймақ басшысы.-Мен ауыл шаруашылығы басқармасына Шет және Ақтоғай аудандары мен Балқаш қаласының әкімдерімен, және де ауыл шаруашылығы өнідерін өндірушілер және қайта өңдеушілермен бірлесе жиын өткізуді тапсырамын. Мұндай мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру керек.
Аймақ басшысы бұл мәселелердің барлығын жете қарауға уәде берді. Әуежайдың ұшу-қону жолағын қалпына келтіру бойынша Қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар