«Бала дауысы» ұлттық байқауының үшінші маусымы басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Әлия Назарбаеваның бірегей жобасы - «Бала дауысы» ұлттық балалар байқауының үшінші маусымына іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Балалар байқауын қазақстандықтар 27 қазаннан бастап әр сенбі сайын КТК телеарнасынан тамашалайтын болады. Байқаудың өтуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Елбасы - ҚР Тұңғыш Президент қоры қолдау көрсетіп отыр.

Биылғы байқау жаңа форматта өткізілмек. Өнерлі балаларды барынша қамту мақсатында 15 наурыздан 15 сәуір аралығында байқаудың ресми сайтында (https://ru.notka.kz/ ) онлайн түрде іріктеу кезеңі өтеді. Өнер додасына 8-12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. 18 үздік өнерпаз ғана байқаудың супер-финалына жолдама алады.

«Жандану әлемі» Қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов Астанада өткен баспасөз мәслихатында іріктеу неліктен онлайн түрде жүргізіліп жатқанын айтып берді.

«Біз екі жыл бойы бүкіл аймақтарды араладық. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалардың барлығы облыс орталығына жете алмай жатады. Осы себепті, іріктеу кезеңін онлайн түрде өткізу жөн деп шештік. Бұрын үш рет тікелей эфир өткізсек, биыл алты тікелей эфирді өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Қазақстандықтар 27 қазаннан 1 желтоқсанға дейін тікелей эфирде ұнаған өнерпазға дауыс бере алады.

«Тура екі жыл бұрын байқау жайлы естіп бағымызды сынап көрдік. Мен өткен жылы үздік үштіктің қатарынан көріндім. Сол кезде төрешілер маған шыңдалуға кеңес берді. Төрешілердің ақылымен финалға өттім», - дейді өткен жылы ақтық кезеңге шыққан Ясмин Нұрмақова.

Соңғы жаңалықтар