Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына қатысты тапсырма берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы аясында бірқатар тапсырмаларды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұтастай алғанда, статистикалық мәліметтерден көріп отырғанымыздай нәтиже жаман емес. Бірақ бұл нәтижелер арқылы босаңсуға болмайды. Осы орайда жүйелік шараларды іске асыруды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, бізде өсу қарқынының бәсеңдеуі құрылыста және ауыл шаруашылығында байқалып отыр. Өсімді шаруашылығында жиналатын өнім былтырға қарағанда төмендеу болатынын көріп отырмыз, бұл тұрғыда сәйкесінше көрсетіштер төмендейді. Алайда оның орнын мал шаруашылығы есебінен толтыру керек»,-деп тапсырды Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр құрылыс саласында көрсеткіштері бәсеңдеген өңірлерге тиісті тапсырма берді.

«Құрылыс мәселесіне тоқталатын болсақ, бізде Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстары қалып келе жатыр. Жартыжылдық қорытындысы бойынша облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлескенде, олар жағдай түзелетінін алға тартқан еді. Алайда ахуал сол қалпында. Енді қалған уақытта жағдайды түзетесіздер деп ойлаймын. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бағытталған қаржы толықтай игерілуі тиіс. Мемлекет басшысы жыл соңында оңтайлы көрсеткішпен шығу мақсатын жүктеді, сондықтан баршамыз бұл тапсырманы орындауымыз қажет»,-деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұданбұрын хабарлағандай , 2017 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына қатысты ҚР Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндама жасаған болатын. 

Оның атап өтуінше, өсудің жоғары серпіні алты базалық саланың төртеуі бойынша (өнеркәсіп, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс) байқалуда, өсу қарқынының бәсеңдеуі құрылыста және ауыл шаруашылығында орын алды.

Соңғы жаңалықтар