Бақытжан Сағынтаев Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, олармен жаппай кәсіпкерлікті дамыту, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, экономиканы қайта реттеу және ырықтандыру, экономиканың жаңа басым салаларын, жаңа индустрияларды, сервистік экономика мен «қарапайым заттар» экономикасын ендіру мәселелерін талқылады.

«ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялап, еліміздің алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына енуі жолында сапалы дамуын қамтамасыз ететін үш маңызды жаңғыру процесін - саяси реформаны, экономиканы жаңғыртуды және сананы жаңғыртуды бастап берді», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев.

Ел Үкіметі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алуларда жергілікті мазмұнның үлесін арттыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыратын болады. Атап айтқанда, отандық тауар өндірушілер үшін иелері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ  АҚ компанияларына арнап өнімдер жеткізуге қатысуына мүмкіндік беретін индустриялық сертификат енгізіледі.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қаржылық және заңнамалық қолдау көрсету бойынша жұмыстар жүргізіледі, бизнес үшін тексерулер мен рұқсат берулер қысқаруда, сондай-ақ мемлекеттің елдің экономикасына қатысу үлесі төмендетілуде.

Кездесу барысында Алматы облысының әкімі А. Баталов, ШОБ дамыту, ең алдымен ұзақ мерзімді несиелендірудің қолжетімділігі проблемасын көтерген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Т. Шотанов сөз сөйледі. Алматы облысы Аймақтық кеңесіеің төрағасы Р. Салықова аймақтағы 118 мың ШОБ субъектілерінің 95 мыңға жуығы (80%) АӨК саласында қызмет ететіндіктен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесін көтерді.

Өз кезегінде, облыстағы ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Б. Файзулин сот процестері кезіндегі кәсіпкерлік мүдделерін қорғау және әкімшілік кедергілерді одан әрі төмендету қажеттігі мәселелеріне көңіл аудартса, «Қасанжар» ЖШС бас директоры Ж. Сарғалдақов мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау жағдайы туралы мәселені көтерді.

«Хильниченко А.В.» ЖК басшысы А. Хильниченко, Алматы облысының ішкі туризмді дамыту қауымдастығының төрағасы Р. Хакимов және «Геодезия сервис» ЖШС бас директоры, Алматы облысының Жобалық, жобалық-іздену ұйымдары қауымдастығының төрағасы А. Аникин Алакөл, Балқаш және Қапшағай туристік аймақтарындағы ішкі туризмді дамыту бойынша қордаланған мәселелер мен атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

«ТК-Метакон» ЖШС директоры П. Сребный, «Дорпласт-инвест» өндірістік компаниясы» ЖШС директоры А. Хачатрян энергия қуаттылығының тапшылығына, бірқатар мемлекеттік сатып алулар конкурстарының ашық еместігіне, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты мәселелерге тоқталды.

Кездесу қорытындылары бойынша Б. Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға барлық аталған мәселелерді қарастырып, оларды бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, аймақтарға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі аясында кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттің жүргізіп отырған жұмыстарын түсіндіретін бизнеспен кездесулер өткізуге ерекше көңіл бөледі. ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы Жолдауында бизнестің елдегі экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуы керектігін атап өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар