Бакуде «Отырар сазы» оркестрінің гала-концерті өтті

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Бакудегі Әзербайжан музыкалық комедия театрында алғаш рет Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің үлкен гала-концерті болды. 

Шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжандағы меншікті тілшісі.

Концерттің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың сәуір айында жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген Қазақстан және Әзербайжан президенттерінің екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту туралы келісімдерінің арқасында осынау маңызды шара өткізіліп отырғанын мәлім етті. Сондай-ақ бұл концерттің әзербайжан жұртшылығына қазақ халқының бай музыкалық мәдениетінен сусындау мүмкіндігін беретінін айтты.

Өз кезегінде Әзербайжанның мәдениет және туризм министрінің орынбасары Адалят Велиев екі елдің мәдени байланыстарын одан әрі тереңдету, осы бағыттағы маңызды шараларды үзбей өткізіп отыру қажеттігін атап өтіп, Әзербайжан келер жылы белгілі шығармашылық ұжымдардың Қазақстанға сапарын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Оркестрдің концертіне көрермен қауым зор қошемет көрсетті.

Соңғы жаңалықтар