Бахтияр Артаев: Альвареспен реванш өткізу Генаға ауырлау болатын секілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексикалық «Канеломен» келесі айқас Геннадий Головкинге ауыр тиюі мүмкін. 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жалпы, Геннадий Головкин екеуіміз бес рет кездескен болатынбыз. Генаның бүкіл әдістерін, қалай қозғалатынын, қалай соғатынын, осал тұстарын да жатқа білемін. Сондықтан, Гена мен «Канелоны» зерделей келе өзім үшін жалпылама тең дәрежеде бокс болатынына көзім жеткен еді. Өйткені, мен өзім де Альвареспен шықсам, сондай жекпе-жек болар еді деп жорамалдадым. Ал айқас алдында нокаут болмайды деп айтқанымдай, Альварестің соңғы кездесулерін тамашаласаңыздар, тәжірибесі айтарлықтай өсіп келеді. Ол шыққан Мигель Коттаны, Мейвезерді де алайық. Ондай қарсыластар Геннадий Головкинде болған жоқ», - дейді Бақтияр Артаев.

Бокс чемпионы сонымен бірге, қос боксшының арасындағы реваншқа қатысты ойын айтты.

«Егер екеуі жоспарлап отырғандарындай, келесі жылдың маусым немесе мамыр айларында кездесіп қалып жатса, Геннадийге сәл ауырлау болатын секілді. Көзқарасым арқылы ешқайда бұра тартқым келмейді. Тағы да бір жыл өтсе, бізге ол кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал жас әрі күшейіп келе жатқан Альварес дайындығымен бабында болып келуі ықтимал. Ашығын айту керек, реванштың сондай кері жағы бар. Ал дегенмен, бағы жанса ауыр соққысы бар Гена мәселені бір соққымен шешіп кетуі мүмкін», - деді Бақтияр Артаев.

Соңғы жаңалықтар