Әзіл-сықақшылардың республикалық байқауы өтті

None
None
  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысының Шиелі ауданында 1 сәуір - Халықаралық күлкі күніне орай «Тамаша» ойын-сауық отауының тарланы Мейірман Нұрекеевтің есіміне арналған республикалық байқау өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.


Шара барысында аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы қазақ сатирасына елеулі үлес қосқан талантты актердің өнер жолы мен шығармашылығын еске алып, «Тамаша» тарланының есімін ұлықтау, сондай-ақ бүгінгі жастар арасында сатира өнеріне деген оң көзқарасты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сатирик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек қазылар алқасына төрағалық етті.



Байқауға Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан барлығы 9 әзіл-сықақ отауы қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Сатира кешінің қорытындысы бойынша, бас жүлдені Қармақшы ауданынан келген «Думан» халықтық әзіл-сықақ отауы, I орынды Жамбыл облысының «Күлкі шаңырақ» халықтық әзіл-сықақ отауы, II орынды Қызылорда қаласының «Мереке думан» халықтық әзіл-сықақ отауы, III орынды Шиелі ауданы «Қытық» әзіл-сықақ отауы иеленді. Оларға аудан әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Соңғы жаңалықтар