Айман Мұсақожаеваның әлемді мойындатқан шәкірттері Астанада бас қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына орай «Айман Мұсақожаева ұсынады» атты концерт болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының «Солистер Академиясы» мемлекеттік оркестрінің сүйемелдеуімен бір кездері университетті бітіріп кеткен түлектер бүгінгі кеште бар өнерін салды. Оған себеп те жоқ емес. Бүгін де әлемді мойындатқан өнерпаздарға айналған скрипкашылар іргелі университеттің 20 жылдығына осылай құрметін көрсетіп отыр.

Концертке АҚШ-тан арнайы танымал дирижер Эдуард Шмиддер шақырылған. Одан бөлек университеттің түлектері Оралбек Дүйсен, Айша Досымова, Эльдар Сапараев, Павел Романенко, Мадина Капеу, Анель Шәкірова, Анна Мещерякова, Сергей Васильев сынды шетелде Қазақстанның өнерін танытып жүрген өнерпаздар жеке туындыларды орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

«Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына арналған концерттердің алғашқы сериясын өткізіп жатырмыз. Осы концертте біздің университеттің қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттеріміз, жұлдыздарымыз өнер көрсетуде. Шәкірттеріміз әлемнің барлық елдерінен арнайы ат терлетіп келді. Әлбетте, осынау шараны ұйымдастыруға қолдау білдіріп отырған еліміздің Президентіне зор алғысымызды айтқым келеді. 20 жылдың ішінде біздің оқу орны - ел мәдениетінің бейнесіне айналды десе де болады. Жыл бойы университетіміздің жеткен белестерін көрсетуге барымызды саламыз», - дейді әйгілі скрипкашы, Қазақстанның Еңбек ері, аталған университеттің ректоры Айман Мұсақожаева.

Қазақ ұлттық өнер университетінің аталған шәкірттері бүкіл әлемде гастрольдік сапарға жиі шығатын өнерпаздар. Мәселен, Ордабек Дүйсен мен Айша Досымова сынды скрипкашылар екі мыңыншы жылдардың басында АҚШ көшіп, содан бері өнерін түлету үстінде. 

Екі бөлімге созылған концертте Чайковский мен Вивальдидің, Моцарт пен Пьяцолланың туындылары орындалды. Саз әуеннің сиқырына терең бойлатқан скрипкашылар мен виолончель, фортепиао шеберлері ұзаққа созылған қошеметпен халықтың құрметіне ие болды.

Фото: mfa.gov.kz

Соңғы жаңалықтар