Айлықты 50 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін тестті қанша мұғалім тапсырады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Айлықты қосымша 50 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін Ұлттық біліктілік тестіне 60 мыңнан астам мұғалім жазылды. Бұл туралы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұғалімдердің айлықтарының өсуі 300 мыңға жуық жаңартылған білім мазмұнында оқитын ұстазды қамтиды. Олардың 18 мыңы - тәжік, өзбек, ұйғыр тілдерінде сабақ береді. Мамыр айында айлықты қосымша 50 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін Ұлттық біліктілік тестіне 60 мыңнан астам мұғалім жазылды. Біз мұны күткен жоқпыз. Бұл дегеніңіз біздің мұғалімдердің жасқанбайтынын, өз пәнін білетінін, өз-өзіне толығымен сенімді екенін көрсетеді», - деді Ерлан Сағадиев.

Министрдің айтуынша, Бес әлеуметтік бастама аясындағы тың жобалар білім саласының дамуына тың серпін берері анық.

«Қазіргі таңда жаңа гранттарды бөлуге, студенттерді жатақханамен қамтуға байланысты министрлік нақты жоспарды әзірледі. Үкімет қаулысы қабылданды. Қосымша 20 мың грант мамандықтар бойынша бөлінді. Әсіресе, техникалық мамандықтарға маңыз беріліп отыр. Біз жұмысқа тұру жағын да, технологиялық дамуымен бірге экономиканың құрылымды түрдегі өзгерісіне қарай инженерлер, химиктер мен ІТ саласындағы мамандарды жұмыспен қамту жағын ескердік», - деді Ерлан Сағадиев.

Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтіп жатыр.

«Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар.

Сессия соңында салтанатты концерт өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар