Ауыл әкімдері карантин туралы шешімді 3 күн ішінде шығаруы тиіс

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының ауыл әкімдеріне ветеринардың малдан ауру табылғаны жөніндегі қорытындысынан кейін үш күн ішінде карантин туралы шешім қабылдауы тиіс болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінің әкімі ветеринардың ірі қарадан ауру табылғаны жөніндегі қорытындысынан кейін екі жарым ай өткеннен соң ғана карантин енгізген болатын. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының осы саладағы заңнамасына тиісті өзгертулерді енгізудің қажеттілігі жайындағы мәселе көтерілді.

«Қолданыстағы заңнамалық актілердің ешбірінде ауыл әкімінің карантин енгізу туралы шешім қабылдайтын уақытын белгілейтін мерзім көрсетілмегені анықталды. Екінші сөзбен айтқанда, ауыл әкімі мұнымен ешқандай заңбұзушылық әрекетін жасамаған. Алайда осы кезең барысында ауру ірі қараның адам денсаулығына зиянды еті еркін сауда айналымына шығарылуы мүмкін ғой. Ал бұл, өз кезегінде, аурудың одан ары таралуына әкеп соқтыратыны табиғи жайт», - дейді Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Шухрат Хашимов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.

Соның нәтижесінде Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы осы жағдайға Ұлттық палатаның назарын аударды. Ұлттық палата осы мәселені өзекті мәселелер тізіліміне енгізіп, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүгінді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер оны мақұлдады. Қазір Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгертулер енгізу процедурасы жүріп жатыр. «Жоспарға орай, алдағы уақытта ауыл әкімдері жоғарыдағы секілді жағдайларда үш жұмыс күні ішінде карантин енгізу туралы шешім қабылдауға міндеттелуі мүмкін», - деп мәлімдеді Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

«Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзекті мәселелер тізіміне еліміз кәсіпкерлерінің бастамасымен 138 мәселе енгізілді. Соның 27-сі Жамбыл облыстық өңірлік палатасының күш салуымен шешімін тапты немесе шешімін табу қарсаңында тұр. Сондай мәселелердің бірін Жамбыл палатасы енгізді. Бүгінгі таңда сол осы түйткіл бойынша уәкілетті орган оң шешім шығаруға келісім берді», - дейді Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Шухрат Хашимов.

Соңғы жаңалықтар