Әуежайда каннабиспен ұсталған мемқызметші жұмысынан қуылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Батыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкері Алматы әуежайында есірткімен ұсталды. Бұл жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Фейсбуктегі жарияланымында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың 18 наурызында Алматы қаласы әуежайының желілік полиция қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Батыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкері Ғабит Нұрахановтан темекі қорабының ішіндегі  каннабис (марихуана) есірткі заты бар бір тал шылым тауып тәркіледі», - делінген агенттік ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Батыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысының бұйрығымен Ғ.Нұраханов мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексі нормаларын және қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмысынан шығарылған.

«Қазіргі уақытта агенттік аталған департамент басшысына қатысты алдын алу шараларын қабылдамағаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін жауапкершілігін қарау бойынша қызметтік тексеру жүргізіп жатыр», - деп атап өтілген таратылған ақпаратта.

Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар