Атырауда 800 оқушы олимпиадада бақ сынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда жаратылыстану-математика бағыты бойынша 20-шы республикалық олимпиада өтті. Оған 800 оқушы қатысып, бақтарын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олимпиада Атырау қаласында 15 наурыз күні басталды. Оның қорытындысы бойынша 67 оқушы алтын, 104 оқушы күміс және 177 оқушы қола медальдармен марапатталды.

Жалпы сайыс қорытындысы бойынша, «Ең үздік олимпиада командасы-2018» номинациясы бойынша 1-орын Атырау, Павлодар облыстары, Астана қаласы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің командаларына, 2-орын Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының командаларына, 3-орын Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының командаларына бұйырды. Сонымен қатар, «Олимпиаданың ең жас қатысушысы», «Ең үздік ауыл оқушысы», «Ең үздік ауыл мұғалімі» және «Ең үздік олимпиадалық мектеп» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Олимпиаданың жабылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, жүлделі орындарды табыстады.

«Елбасымыз жастарға үлкен сенім артады, әлемдегі жаһандану процесінде болып жатқан келеңсіз жағдайларға төтеп беретіндей білімді, тәрбиелі, ішкі рухы биік азаматтарды тәрбиелеу жөнінде іс-шараларды жүзеге асыруды орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне тапсырып отырады. Елімізді алға қарай дамытатын сіздер, осы бағыттан таймаңыздар. Жолдарыңыз ақ болып, өздеріңіз қойған межеге жетулеріңізге, сіздерге сенім артқан азаматтардың үміттерінің ақталуына тілектеспін», - деді облыс басшысы.

Айта кетейік, олимпиадаға еліміздің 14 облысынан, Астана, Алматы қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан және Назарбаев зияткерлік мектебінен 19 команда қатысты. Атырау облысы бойынша 53 оқушы қатысып, 21 жүлделі орын жеңіп алды.

Олимпиададан тыс уақытта оқушылар қаладағы білім ордаларымен, мәдени-тарихи орындармен танысып, психологиялық тренингтер мен спорттық шараларға қатысты.

Соңғы жаңалықтар