Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада тасқын суларға қарсы шаралардың аясында қарды шығару жұмыстары аяқталу кезеңінде. Бүгінгі таңда жеке сектор тұрғындары өз аумақтарынан шығарған қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың коммуналдық қызметтері қаладағы судың астында қалған тұрғын үй алаптарында күшейтілген режімде суды сорғыштармен тарту жұмыстарын жүргізуде. Бүгін Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов бастаған топ Сарыарқа ауданындағы бірқатар аумақты аралап, су басқан алаптарды анықтаған болатын. Мамандардың айтуына қарағанда, тұрғындардың өздері қарды дер кезінде шығармаған аудандарда үйлерді су басқан.

"Қазір қар аралас жаңбыр жауып жатыр. Ауа райы дұрысталғанда жұмысқа қайтіп кірісеміз. Арнайы техника сақадай сай. Сарыарқа ауданы бойынша келіп түскен өтініштер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Көшеде немесе аулада жиналған су артық дегенде 5 сағаттың ішінде сорғыштармен тартылады.Мәселен, Оңтүстік-шығыс ауданында судың жиналуына нөсер су кәріздік жүйенің жоқтығы себеп", -дейді мамандар. 

23 наурызда Оңтүстік-шығыс ауданынан қардың 430 текше метрі шығарылып, су өткізетін құбырлардың 550 метрі, арықтар мен нөсер су кәріздік жүйесінің 440 метрі тазартылды. Қарды шығару, суды сору жұмыстарына арнайы техниканың 70 бірлігі жұмылдырылды. 

Айта кетейік, қаланың коммуналдық қызметтері су басу қаупін жою мақсатында қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс істеуде. Елорда тұрғындары су басу қаупі мәселесі бойынша 109 нөмірі арқылы қаланың бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өзіне қажетті көмекті ала алады.

Соңғы жаңалықтар