Астананың екі көшесінде жарықдиодты шамдар орнатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың екі көшесінде жарықдиодты шамдар орнатылады, деп хабарлайды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Фейсбуктегі парақшасында.

«Біз көшелерді жарықтандыру жүйесін дамытуды жалғастырып жатырмыз. Ескі нұсқадағы ЖКУ-15 көше шамдарын заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстыру жұмыстарын бастадық. Сарыарқа және Абай даңғылдары бойында қуаты 180 Ватт 168 жарықдиодты шамдарды орнату жоспарланып отыр. Кенесары даңғылындағы шамдар заманауи үлгісіне ауыстырылды» делінген хабарламада.

Аудан әкімінің мәліметінше, аталған жарық құрылғылары жоғары қауіпсіздігімен ерекшеленеді. Соққыға төзімді және олардың құрамында сынап жоқ, сынса қоршаған ортаға зардап тигізбейді.

Сонымен қатар, жарықдиодты шамдардың тағы бір артықшылығы - табиғи жарыққа барынша ұқсайтын, анық түстерді беруінде. Олар тез қосылады және төмен температура кезінде үзіліссіз жұмыс істейді. Ал бұл біздің климаттық жағдайда өзекті болып табылады.

Одан бөлек, мұндай шамдар бұған дейін пайдаланылып келген нұсқаға қарағанда әжептәуір үнемді көрінеді.

«Көшені жарықтандыру үшін жарықдиодты шамдарды пайдалану электр энергиясын айтарлықтай үнемдейді. Өз кезегінде бұл бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, жарықдиодты шамдарды мерзімді пайдалану қызмет көрсету саласындағы шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Олар кәдімгі көше шамдарынан өзінің қызметтік сапасы, пайдалану сипаты және үнемділігі жағынан айтарлықтай асады» делінген постта.

Соңғы жаңалықтар