Астананың айшықты тарихындағы маңызды даталар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның қазіргі заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Осыдан он сегіз жыл бұрын Қазақстан бүкіл әлемге жаңа астанасын таныстырды. Астана күні секілді айтулы мерекеге орай «ҚазАқпарат» ХАА Астана тарихына қатысты маңызды даталардың хронологиясын оқырман назарына ұсынамыз.

1994 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің астананы көшіру туралы идеясын жариялады. Нақтырақ айтқанда, Президенттің осы идеясына байланысты астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстан өз астанасын солтүстікке 1000 шақырымнан астам жерде жатқан далалық Ақмолаға көшіруге шешім қабылдады... Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ipi көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы - трансеуразия арналарына таяу қоныстанған. Астана халқының саны қоныс аудару туралы шешім қабылданған кезде 290 мындай адам еді. Дегенмен қаланың келешекте өз халқын өсіруге үлкен мүмкіндіктері бар-ды. Сәулетшілер қала аумағының орталық бөлігінде жаңа ғимараттар мен шағын аудандар салуға болатын 30 гектардай бос алқап барын белгіледі. Оның үстіне, қала салу үшін пәлендей бөтен кедергілер де жоқ болатын. Қаланың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жай-күйі де соншалықты сұрақ туғызбады. Көліктік қосалқы құрылымды шамалы жаңғыртып, аздаған шығын шығарған ретте қаланың барша мұқтажын өтеуге болатын. Бәрінен бұрын Ақмоланың экологиялық ахуалы қалыпты, әрі бұл ахуал келешекте де ойдағыдай сақталып қала алатын.

1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды.

1998 жылы 6 мамырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласын «Астана» деп атау туралы жарлық шығарды. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады». Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды.

1998 жылы 10 маусымда ресми түрде жаңа астананың халықаралық тұсаукесер тойы болып өтті.

 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар.

2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.

 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі  осы съезд үшін арнайы салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті.  Екінші форум жұмысына бұл жолы 29 делегация қатысты.

2007 жылдың маусымында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Еуразиялық ғылым клубын құру туралы сөз қозғады. Еуразиялық экономикалық ғылым клубы 2008 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасынң экономика және бюджетті жоспарлау Министрлігінің және экономикалық ғылыми-зерттеу институтының көмегімен құрылды. Содан бері жыл сайын Астанада Астана экономикалық форумы дәстүрлі түрде өтіп келеді.

2009 жылы 1-2 шілдеде Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.

2009 жылы қазан айында Тәуелсіздік даңғылы бойындағы еліміздің басты алаңында "Қазақ елі" монументі ашылды. 

2010 жылғы шілде айында «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы ашылды. Әйгілі сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған орталықтың биіктігі 150 метрді құрайды, аумағы - 127 мың шаршы метр.  

2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткен Қазақстан тарапы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастырды.

2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті.

2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.

2011 жылы «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы ашылды. Сәулет нысанының биіктігі - 20 метр. Бұл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісі.

2012 жылғы 30-31 мамырда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.

2012 жылғы 22 қарашада Халықаралық көрме бюросына мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана жеңіске жетіп, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу - Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастама Мемлекет басшысына тиесілі.

2015 жылғы 10-11 маусым күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті. Оған әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия республикасының басшысы Саули Ниинисте қатысты.

2017 жылдың Астана үшін ғана емес, күллі Қазақстан үшін басты оқиға - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми ашылу рәсімі жаңа қалашықтағы Конгресс-Орталығында өтті және Амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт аяқталған соң, көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалады. Аумағы 25 гектарды құрайтын Көрме кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орналасқан. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және 100% жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін алғашқы ел - Коста-Рика бар. БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО сынды 22 халықаралық ұйым да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне сүйенсек, Көрме өтетін үш айда Астанаға 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 проценті - шетелдік туристер. 

Соңғы жаңалықтар