Астанаға келген «Әл-Жазира» арнасының журналисі Қатардағы жағдай туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатардан келген Джейн Даттон Астанадағы XIV Еуразиялық медиа форумның кешкі сессиясында модератор болды. Сөз басында «Әл-Жазира» арнасының журналисі араб елдерінің санкциясына ұшыраған өз елінің жағдайы туралы баяндап берді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мына жаққа келу үшін жер шарын айналуға тура келді. Негізі, бұрын Қатардан алдымен Абу-Даби қаласына, одан кейін бірден Астанаға ұшатынбыз. Қазір Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр сияқты араб мемлекеттері әуе кеңістігімен де ұшуға тыйым салды. Олар шекараны да, жолды толығымен жауып тастады», - дейді Джейн Даттон.

Оның айтуынша, көрші араб елдерінің наразылығы бір күнде туындаған жоқ. Соңғы бірнеше жыл бойы текетірес сезіліп келді. «Бүгін Қатардың көршілері өз арыз-шағымдарын қағаз жүзінде жіберді. Шын мәнінде, олар Қатарды қайтадан өздеріне қаратып, қолбаласы ретінде ұстағысы келеді», - деп атап көрсетті журналист.  

Айта кетейік, 5 маусымда Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Йемен, Ливия мен Мальдив аралдары Қатармен дипломатиялық байланыстарды тоқтататынын мәлімдеді. Араб елдері аталған мемлекетті экстремистік топтарға қолдау жасайды деп кінәлап отыр. Осы жағдайға байланысты Қазақстан да өз ұстанымын білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар