Астанадағы жер аукционына блокчейн қалай енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Назымбек Кенжебаев аукциондарды блокчейн теxнологиясы негізінде жүргізу жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бізде жер аукциондарына жауапты орган бар. Соған ұсынысымызды енгіздік. Енді, тиісті өзгерістер мен толықтыруларды күтіп отырмыз. Аталған бастама заңға қайшы келмес үшін алдымен қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізу керек. Бұның барлығы күшіне енуі тиіс. Сонда біз оны іс жүзінде қолдана аламыз", - деді Н.Кенжебаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Осы орайда басқарма басшысы жер қатынастары саласындағы блокчейнге қатысты өз көзқарасын жеткізді. Оның айтуынша, сол кезде онлайн аукциондар болады. "Қазір біз "бір терезе" қағидаты дейміз ғой. Сол сияқты онлайн режим болады. Кісілердің бәрін бір жерге жинап, шақырудың қажеті жоқ. Аукционға қатысатындар өз үйлерінде, я болмаса кеңселерінде отырып, онлайн режимде аукционға қатыса береді", - деп атап көрсетті Н.Кенжебаев.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі Әсет Исекешев жерді сату саласында блокчейн теxнологияларының енгізілетіні жайында айтқан. «Блокчейннің арқасында құжаттар мен тізілімді өзгерту әрекеттеріне, сан алуан манипуляцияларға жол берілмейді. Аукционнан кейін біз блокчейн теxнологияларын бірден жер телімдеріне меншік құқығын, жылжымайтын мүлік пен үлескерлік келісімдерді рәсімдеу саласында да қолданатын боламыз. Себебі бизнестің тарапынан дәл осы мәселелерге қатысты арыз-шағымдар көптеп түсіп жатыр. Сондықтан смарт теxнологиялармен айналысатын компанияларға жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Олар бірлескен жобаларға қатыса алады», - деді Ә.Исекешев астаналық кәсіпкерлермен болған кездесуде. Сол кезде қала басшысы жаңа үлгідегі алғашқы аукцион ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өтеді деген болатын.

Соңғы жаңалықтар