Астанадағы сирек ауруға шалдыққан жалғыз əйел Исекешевтен үй сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы пəтер иелері кооперативтерінің жұмысына арналған қоғамдық тыңдауда мүгедек əйел қала əкімі Əсет Исекешевтен үй мəселесін шешіп беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Менің атым Молдағұлова Бақытжан, өте сирек аурумен ауыратын 2-топтағы мүгедекпін. 2016 жылы баспана мəселесімен сіздің қабылдауыңызда болғанмын. Содан бері үй мəселесі əлі шешілген жоқ. Бүкіл анықтамам бар. "Нұр Отанның", депутаттардың қабылдауында болдым. Мен осындай сирек дертпен ауыратын Астанадағы жалғыз науқаспын. Қазір тіркеу мəселесі қосылып кетті. Алты рет операция жасалды. Құжаттарымды жоғалып, тегімді өзгерткен кезде менің кезегім өтіп кеткен. 2013 жылдан бері үй ала алмай жүрмін. Сондықтан, мені тұрғын үй мəселесі бойынша тағы қабылдай аласыз ба?"-деді Астана тұрғыны Ə.Исекешевке сұрақ қоя отырып.

"Түсінікті. Сіздің мəселеңіз есімде. Қазір Астана қаласы бойынша 42 мың адам үй кезегінде тұр. Солардың ішінде, 2000 адамның отбасында мүгедек адамдар бар. Тағы 2000 адам - жетім балалар. Сондықтан, баспана кезегі ашық ережемен жұмыс істейді, мен сіздің мəселеңізді өзгелерден бөле-жара қарай алмаймын. Бірақ, сіз құжаттарымды жоғалтып алдым жəне кезегім өтіп кетіпті дедіңіз. Сондықтан, сотқа жəне прокуратураға барсаңыз дұрыс болады",-деді Исекешев қала тұрғынына берген жауабында. Б.Молдағұлова бірақ, сотқа да, прокуратураға да барған екен.

"Əсет Өрентайұлы, мен 2013 жылдан бері бармаған жерім жоқ. Сотқа  да, прокуратураға да бардық. Олардың айтуынша, мен өте сирек кездесетін аурумен сырқат науқас болған соң, осындай сирек кездесетін Астанадағы жалғыз науқаспын, сондықтан, кезексіз үй алуым керек екен..."-деп жауап берді Б.Молдағұлова.

Ал, "кезекте нешінші орында тұрсыз",-деген əкімнің сұрағына тұрғын "осы кезекпен тұрсам, елу жылдан кейін үй алатын шығармын",-деп жауап берді.

"Жақсы, мен аппарат жетекшісіне тапсырма беремін, сізді тағы бір рет қабылдап, мəселеңізді тағы бір рет қарайық",-деді Ə.Исекешев.

Соңғы жаңалықтар