Астанадағы футбол үйі қашан ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан футбол федерациясының XVII конференциясында Астанадағы футбол үйінің құрылысы жайында айтылды. Аталған нысанға УЕФА-ның қыруар қаржысы құйылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

УЕФА-ның ұлттық қауымдастықтар департаментінің директоры Зоран Лаковичтің айтуынша, өткен аптада ұйым мүшелері Астанадағы көпбейінді футбол кешенін аяқтауға 1,1 млн еуроны бөліп беруді қолдады.

«Жалпы, осы уақытқа дейін біз аталған жобаға 9 млн еуродан астам қаржы құйдық. Салтанатты ашылу рәсіміне біздің президентіміз Александр Чеферин мырза қатысады деген жоспар бар», - деді З.Лакович.

Қазақстан футбол федерациясының Бас xатшысы Азамат Айтxожинның сөзіне қарағанда, Астанадағы футбол үйі ағымдағы жылда толығымен пайдалануға беріледі. Аталған нысан УЕФА-ның «Хет-трик» бағдарламасы аясында салынып отыр. Ауданы - 3,5 гектар. Ол жерде федерацияның кеңсесі, фан-шоптар мен фитнес-орталық болады. Бұдан бөлек, жабық футбол алаңы бар. Бүгінгі конференцияға қатысушылар Астанадағы футбол үйінің алаңына барып қайтты. Сол жердегі манежде алғашқы матчты да өткізді.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда ҚФФ-ның «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» атты жаңа стратегиясы таныстырылды. Аталған құжатта батыл бір мақсат бар. Ол - футболдың қазақстандық стилін қалыптастыру. Соның арқасында Қазақстанның футболы барша әлемге танылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, жаңа стратегияда әйелдер клубтарын арттыру міндеті белгіленіп отыр.  Алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясы ортанқол легионерлерден құтылмақшы.  Бүгінгі конференцияда үш министр Қазақстан футбол федерациясына мүше болып сайланды. Ал ұйым басшысы Әділбек Жақсыбеков футболдағы жемқорлықпен қалайша күресетіні туралы айтып берді. 

Соңғы жаңалықтар