Астанада жұмыс кестесін өзгерту көлік кептелісі мәселесін шеше ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала көшелеріндегі көлік кептелісі - үлкен шаһарларда жиі кездесетін проблема. Енді бұл құбылыс жыл сайын Астана қаласында да ушығып келе жатыр. Сол жағалаудағы жаңа көшелер кеңірек салынғанымен де, таңертеңгілік, түсте және кешқұрым көліктердің ұзын-сонар тізіліп тұрғаны тұрғындардың жүйкесіне әсер ете бастағандай. Жаз айларында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында бұл мәселе көпшілікті алаңдата бастады. Себебі шаһарға шетелден және еліміздің өңірлерінен адамдар ағыла бастайтыны анық. Атап айтқанда, кеше ЭКСПО-ның миллионыншы билетін сатып алған адамның есімі жарияланды.

Бұл тұрғыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелерін пысықтауға арналған кеңес барысында Астанадағы көлік кептелісін шешуге қатысты тиісті тапсырма берген болатын.

«Соңғы бес жыл болды, Астананы дамытуға арналған отырыстарда маған қалада ақылды бағдаршамдар орнатылатынын айтып келеді. Қайда ол бағдаршамдар? Біздегі көлік кептелісіне қараңыздар. ЭКСПО кезінде не болады? Адамдар миллиондап келеді. Кім саралады осыны? ЭКСПО маңыздылығын түсінесіңдер ме, біздің беделімізге не болады, меймандар көрмеде емес, көшеде - кептелісте тұрса?! Қазірден бастап, өзге қалалар қандай шаралар қолданатынын зерттеуіміз керек. Токио, Лондон, Еуропа қалаларындағы кептелістер қалай шешімін тауып жатыр. Сондықтан мәселені шешіңдер», - деді Елбасы.

Сонымен, көлік кептелісі бойынша қала билігі қандай қадамдарды жоспарлап отыр?

Сенатта жол қозғалысы саласындағы проблемаларға арналған  парламенттік тыңдауда Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун қысқа мерзімде іске асырылатын жоспарлармен бөлісті. Алдымен, Сол жағалаудағы көлік кептелісін төмендету бағытында ЭКСПО басталғанға дейін 24 және 26-ші көшелердің құрылысы аяқталмақ, сондай-ақ 31-ші көше соңына дейін ашылады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Ұлы Дала үлкен магистралінің құрылысының басталғанын ескере отырып, бұл жол ЭКСПО ауданы мен жаңа теміржол вокзалы аралығын қосады.

Бүгінде Сол жағалаудағы Мәңгілік Ел, Д. Қонаев және Достық көшелеріндегі көлік ағынының дұрыс реттелмегені жиі айтылып жүргені белгілі. Сондықтан аталған көше қиылыстары бойынша қазіргі кезде екі нұсқа пысықталып жатқан көрінеді. Яғни, көлік кептелісін азайту үшін жол айырығын салу ескерілуде. Енді бұл жол айырығын жер үстінде немесе жер астында салу мәселесі қарастырылуда.

Хорошунның  сөзіне қарағанда, 29 мамырда ақылы көлік тұрақтары бойынша қанатқақты жоба аясында 400 орын ашылады. Сонымен қатар қазан айында қала аумағында тағы 9 мың орын ақылы тұраққа көшеді екен.

Айтпақшы, әкімнің бірінші орынбасары көшеде көлік санын азайту бағытында адамдар үшін жұмысты бастау кестесін өзгерту жоспары әзірленіп жатқандығын атап өтті. Байқасаңыздар, мектеп оқушылары қысқы, көктемгі және жазғы демалысқа шыққан кезде қаладағы көлік қозғалысы айтарлықтай жеңілдеп қалады. Ал балалардың демалысы аяқталғанын көшедегі таңертеңгі немесе кешкі кептелістен бірден байқауға болады. Балаларын мектепке алып келген ата-аналардың автокөліктері жолдың жиегінде тізіліп тұрады, ал орын таппаған кейбіреулері екінші жолаққа дейін шығып кетеді. Бұл ретте ата-аналардың көбісі балаларын балабақшаға немесе мектепке қаланың бір бөлігінен екінші жағына ұзын-сонар кептелісте тұрса да, әупірімдеп жеткізеді. Енді қала әкімдігі 2-3 аптада тұрғындардың барша санаттары үшін жұмысты бастау кестесін өзгерту бойынша шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

«Қала тұрғындары сағат 8-9 кезінде бір уақытта жұмыстарына шықпас үшін, жұмыстың басталу уақытын өзгертпекпіз», - дейді С. Хорошун. Осы орайда бұл кесте оңтайлы тәртіпте түзіледі деп тілейік.

Атап айтқанда, қала басшылығы тұрғындар мен қонақтарын қоғамдық көлікке көптеп «отырғызуды» көздеп отырғаны белгілі, дегенмен адамдар жеке көліктерінен автобустарға отыруға асығар емес. Бұған қоғамдық көлік саласындағы бірқатар кемшіліктер ықпал етіп отырғаны сөзсіз.

Жылдың басында жүргізілген талдау мәліметтеріне қарағанда, елордаға күн сайын сырттан 75 мыңнан астам көлік келеді. Соның 30-40 пайызы - таңғы уақытта кіретін машиналар. Себебі қалада жұмыс істейтіндердің көбісі Астана маңындағы елді мекендерден (Жібек жолы, Қосшы, Ильинка, Талапкер, Қызылсуат, Шұбар, Бозайғыр, Қоянды және тағы басқалары) ағылады. Бұл азаматтардың барлығын жаппай автобусқа отырғызу мүмкін емес екені айдан анық. Біріншіден, қоғамдық көліктер елордадан осы ауылдарға қатынағанымен, тұрғындардың барлығын бірдей қамти алмайды. Екіншіден, аталған елді мекендердегі ішкі жол инфрақұрылымы дұрыс дамымағандықтан, автобустардың аялдамалары тұрғындардың көбісі үшін қашықтау жерде орналасқан. Сондықтан Астанада жұмыс істейтін отбасылар бала-шағасын көлікке отырғызып алып, тікелей қалаға тартады.

Парламенттік тыңдау барысында сенатор Серік Ақылбай Германияның тәжірибесіне сүйене отырып, қызық ұсыныс жасады. «Бірнеше ай бұрын Германияда, яғни Мюнхенде болдым. Бұл қаланың орталығында мейрамханалар өте аз, олар негізінен қалаға кіреберісте орналасқан. Ал бізде әкімшілік ғимараттар мен мейрамханалар шаһардың орталығында жайғасқан. Осы орайда барлығы орталыққа қарай ағылады. Германиядағы әріптестерден мейрамханалар не үшін қаланың шетінде орналасқанын сұрадым. Олар өз кезегінде қаланың ішінде көлік санын азайту тұрғысында тиісті шаралар қабылданғанын айтты. Мейрамханалар қаланың сыртына қарай орналасқан кезде қаланың көлік жүйесіне жүктеме теңдестірілген түрде болады. Бұл тұрғыда бізге де тиісті зерттеулер жасаған жөн»,-деді сенатор.

Өз кезегінде Сергей Хорошун ұзақ мерзімді болашақта елордадағы көлік кептелісі проблемасын шешуге бірнеше орталықтардың құрылуы ықпал ететінін атап өтті.

«Бүгінде бізде екі ғана орталық бар, яғни қалалық әкімдік орналасқан ескі бөлік пен Сол жағалау. Қазіргі кезде тиісті бағдарлама әзірленді, онда жобаланған жеті аудан қарастырылып отыр. Оның әрқайсысында өз орталығы құрылады»,-дейді Хорошун.

Өткен аптада қала әкімі Әсет Исекешев Астана әкімдігі 2 млн. тұрғынға есептелген елорданың жоспарын әзірлеуге халықаралық байқау жарияланғанын хабарлады. Жаңа тұжырымдама қала құрылысын полицентристік ұстаным бойынша қарастырады. Жоспарланған 7 аудан болады, олардың әрқайсысының орталығы жасақталады.

«Сонымен қатар біз елорда аумағын игеру тұрғысында қадамдарды түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Біз шекараларды айқындадық, осы орайда 22 мың гектар  ескерілген. 2025 жылға дейін инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылым қамтамасыз етіледі. Біз құрылысты  тек осы аумақ ішінде қамтамасыз етуді ұсынамыз, осында 40 млн. (шаршы метр) баспана салып, 2 млн. тұрғынды орналастыру мүмкіндігі бар», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар