Астанада жекеменшік және мемлекеттік балабақша бағасын теңестіру мүмкіншілігі қарастырылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мемлекеттік демеуқаржы алатын жекеменшік балабақшаға баратын бала жалпы кезектен шығарылатын болады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жекеменшік балабақшаға қатысты бір өзгеріс бар. Атап айтқанда, егер сіз мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшаны таңдайтын болсаңыз, онда мемлекеттік балабақша тізімінен шығарыласыз»,-  деді ол.

Бұған дейін ата-аналар балаларын мемлекеттен демеуқаржы алатын жекеменшік балабақшаларға балаларын беріп, кезегі келгенде мемлекеттік мектепке дейінгі білім  беру ұйымына ауыстыра алатын.

«Қазіргі уақытта бізде мемлекеттік демеуқаржы алатын 181 жекеменшік балабақша бар. Олардың барлығы да тізімде болады және әрбір ата-ана өзі таңдау жасай алады. Егер мемлекеттік балабақша таңдау мүмкіндігі болмаса, онда ол орналасқан жері ыңғайлы жекеменшік балабақшаны таңдап, жолдамаға ие болады. Бірақ, бұл ретте ол кезектен шығарылады», - деді Әнуар Жанғозин.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік демеуқаржы Астана қалалық білім басқармасына сәйкесінше өтініммен жүгінген жекеменшік балабақшаларға ғана беріледі.

«Мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылады. Соның арқасында соңғы жылдары жекеменшік балабақшалардың саны айтарлықтай өсіп отыр. Бұл бір жағынан бизнеске де қолдау. Қазіргі уақытта жекеменшік балабақшалар құны 20800, ал мемлекеттік балабақша 16800 теңгені құрайды. Мемлекеттік балабақшада тамаққа қана төленсе, жекеменшік балабақшада тамақпен қоса қандай да бір қосымша қызметтер болады», - деді басқарма басшысы.

Әнуар Жанғозиннің айтуынша, жекеменшік және мемлекеттік балабақша бағасын теңестіру  мүмкіншілігі қарастырылуда. Дегенмен, ол бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты.

Соңғы жаңалықтар