Астанада жаңа шыққан қырыққа жуық кітап таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Астанада «Елбасы Жолдауы: жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» атты дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында қазақ тіліндегі энциклопедиялық, оқу-әдістемелік, ғылыми, анықтамалық, танымдық мазмұнда қырыққа жуық кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шарада елімізге белгілі бірқатар зиялы қауым өкілдері мен Мәжіліс депутаттары бас қосты. Жиында сөз бастаған Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов арнайы құрылған комиссия 400 кітаптың 70-ін таңдап алғанын айтып өтті. Қазақ тілінде жан-жақты салалы туындыларды шығару «2011-2020 жылға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып отыр. 

«Әр саланың еңбектерін көз алдарыңызда отырып, бірнеше салаға топтап алып айтқым келеді. Ең алдымен энциклопедиялық әдебиеттер. Ахаңа (Ахмет Байтұрсынов - авт) арналған энциклопедия. Бұған осы уақытқа дейін жазған және ортамызда жазып жүрген авторлардың барлығы жұмылдырылды. Энциклопедияға 700 беттен асқан мәліметтердің барлығы жиналды. Сонымен бірге, «Алаш қозғалысы. Балаларға арналған анықтамалық» атты балаларға арналған екі кітап шығардық. Біреуі Алаш қозғалысына қатысты, нақты 1917-1919 жылдары Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қараш, Бейімбет Майлин, Әсет Найманбайұлы секілді Алаштың тұлғаларының шығармалары алдарыңызда», - деді Ербол Тілешов.

Осылайша, «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясы, «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені, «Оқу құралы + мультимедиялық бағдарламасы (СД диск)», «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені секілді туындылар оқырманға жол тартты.

Сонымен бірге, Қазақстандағы кітапханалардың сөрелері «Украин тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік құрал», «Балаларға базарлық» (Ана тілін үйрету құралдары), «Сөз сыны», «Қазақстанның 700 тарихи орыны» жинақтары, «Алаш қозғалысы» жинағы, «Алаш қозғалысы. Балаларға арналған анықтамалық», «Әдістеме әлемінде» (ғылыми-әдістемелік жинақ), «Астанаға қош келдіңіз! Тілдескіш» кітабының испан-қытай-араб-ағылшын тілдеріне арналған нұсқаларымен т.с.с кітаптармен толықты.

Соңғы жаңалықтар