Астанада «Сырдария - Жырдария» атты гала - концерт өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 тамыз күні Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Сыр өңірі өнерпаздарының қатысуымен «Сырдария - Жырдария» атты өнер шеберлерінің Гала - концерті өтеді, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Концертте би ансамбльдері, жыршы, термешілер, қазақ эстрадасының жұлдыздары - Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов және т.б өнер көрсетеді.

Гала-концерт аясында халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.

Дәл осы күні қызылордалық шахматшы, облыс тарихындағы алғашқы ФИДЕ шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Әлем чемпионы Әсел Серікбай 15 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізеді. Сеанс 14 тамыз сағ. 15.30-да Астана қаласының шахмат клубында (Асанқайғы көшесі, 2) өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 10-14 тамыз күндері Қызылорда облысының мәдени күндері өткізілуде.
Шаралар бүгін «Астана ЭКСПО-2017» амфитеатрында сағат 20-00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар