Астанада өтетін марафонның жүлде қоры 60 мың доллар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 27 тамыз күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында марафон өтеді. Таңғы сағат 07:30-да «Mega Silk Way» сауда кешенінің алдында басталатын халықаралық жарыстың жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына бағаланып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Марафонның маршруты Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды. Спорттық шараға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерден 50 кәсіби спортшы қатыспақ. Олар үш түрлі, атап айтқанда 42 км 195 метр, 10 км және «ЭКСПО-2017» құрметіне 2 017 метр қашықтықта бақтарын сынайды. Жарысқа шетелден 1 мың желаяқ қатысса, Қазақстан тарапынан 4 мың адам марафонға атсалыспақ.

«Үш ара қашықтағы жарысқа қатысатын адамдарға рюкзак, электрондық чипі бар старттық нөмір, «Astana2017 InternationalMarathonSCO andCICA» жазуы жазылған жейде, ақпараттық бюллетен мен марафон серіктестерінің естелік өнімдері сыйға тартылады. Старттық пакеттерді тапсыру 25 тамызда сағат 16:00-22:00, 26 тамызда сағат 14:00-20:00, 27 тамызда 05:00-06:00-де өткізіледі. 27 тамыз күні сағат 06:30-да білікті нұсқаушылардың қатысуымен жаттығу басталады. Сағат 07:10-07:20 аралығында марафонның ашылу салтанаты өтіп, сағат 07:30 уақытына дейін қатысушылар сапқа тұрғызылады», - деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.

27 тамыз күні сағат таңертеңгі 07:30-да 42 шақырым 195 метрге, 07:50-де 10 шақырымға, 08:10-да 2017 метр қашықтыққа жүгіру сайысы басталады. 42 км 195 метрге жүгіру үшін 5 мың теңге, 10 км қашықтыққа қатысу үшін 3 мың теңге төлеу міндетті. Ал марафонның жалпы жүлде қорына 60 мың АҚШ доллары тігіліп отыр. 

Соңғы жаңалықтар