Астанада киберспорттан алғаш рет оқушылар арасында жарыс өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада желтоқсанның 9-10 аралығында Оқушылар сарайында «INDEPENDENCE CUP» - «ТӘУЕЛСІЗДІК КУБОГЫ» үшін киберспорт дисциплинасы - Dota 2 бойынша Астана қаласы оқушыларының арасында бірінші ресми чемпионат өтеді, деп хабарлады Оқушылар сарайынан.

Бұл чемпионат ҚР Тұңғыш Президент күні мен ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған. Чемпионат Астана қалалық білім басқармасының қолдауымен өткізілмек. Шара оқушылар мен жастар арасында киберспортты насихаттау және қолдау, кибердисциплина бойынша команда құру үшін дарынды балаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, соңғы уақытта киберспорт миллиондаған аудиторияның көңіл көтеру түрінен жастар арасында танымал спорт түріне айналды.

Сарапшылардың мәліметінше, киберспорт көрермендерінің саны жыл соңына дейін 194 миллион адамға жетеді, бұл 2016-шы жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Үш жылдан кейін бұл спорт түрін дүниежүзі бойынша 300 мың миллионнан астам адам бақылайтын болады. Қазақстанның үш қатысушысы әлемдік рейтингте 100-топ ойыншылар қатарына кіреді.

Соңғы жаңалықтар