Астанада Еуразиялық банк филиалының бұрынғы басшысына сот үкім шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық банк филиалының бұрынғы басшысына сот үкім шығарды, деп хабарлайды Астана қалалық сотының ресми сайты. 

«2017 жылғы 14 желтоқсанда сот «Еуразиялық банк» АҚ-ның №5 филиалының бұрынғы директоры М.С. Мұқановқа және сол филиалдың касса меңгерушісі А.Е. Меңдалиеваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім оқыды. Олар ірі мөлшердегі қаржыны жұмсап жіберу жолымен «Еуразиялық банк» АҚ-ға 5 млн 939 АҚШ доллары көлемінде материалдық залал келтірген», - делінген хабарламада.

Бұдан тыс, Мұқанов бөтеннің мүлкіне қасақана өрт қою жолымен акционерлік қоғамға аса ірі көлемде зиян келтірген.

Есіл аудандық №2 сотының үкімімен Мұқанов ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 202-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру, қаржы-банк саласында 7 жыл мерзімде лауазым иелену құқығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазаны орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Меңдалиева сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру, қаржы-банк саласында 5 жыл мерзімде лауазым иелену құқығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазаны орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар