Астанада «Дон Кихот» балеті ашық аспан астында өткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашық аспан астында Л. Минкустың «Дон Кихот» балетін ұсынады. Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ-мен бірлесіп қойылатын хореографиялық туынды 25 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайының алдындағы алаңда өтеді.

Оның қоюшы - балетмейстері - Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера»  балетінің көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова. Айта кетерлігі, спектакль ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасына енгізілген.

Л. Минкустың танымал балеті испан әдебиетінің алғашқы ірі ескерткіштерінің бірі - Мигель Сервантестің «Ламанчалық айлакер идальго Дон Кихот» атақты романының желісі бойынша қойылған. Оқиғалар желісі бойынша саяхатшы рыцарь Дон Кихот өзінің атқосшысы Санчо Пансамен бірге Барселонаның орталық алаңына келеді. Оның көмегінің арқасында шаштараз Базильге ғашық сұлу қыз Китри өзі сүймейтін -  бай дворян Гамашқа ұзатпақшы болған әкесінен қашып кетеді.  
null 

«Біздің ұжымның алдында - ашық алаңда болсын немесе театр сахнасында болсын барлық жерде жақсы билеу міндеті тұр. Бастапқыда қойылым барысында түрлі техникалық әдіс-тәсілдердің көмегімен декорацияларды ауыстыру көзделген. Осы жолы спектакль ашық аспан астында көрсетуге бейімделген. Бейбітшілік және келісім сарайының етегінде шулы Барселонаның жайма-шуақ мерекесі орнайды. Сонымен қатар, біз барлық қонақтарды «Астана Опера» театрына шақырамыз, мұнда олар осы қызу әрі асқан шеберлікпен орындалған балетті ешбір ықшамдаусыз көре алады»,- деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Жас қамсыз Китридің партиясын Әнел Рүстемова орындайды, оның сүйіктісі Базильді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов ұсынады. Кез-келген ерлікке және қайырымды істерге дайын Ламанчалық Дон Кихоттың мұңды бейнесін сомдайтын рыцарь рөлінде - Жәнібек Иманқұлов, оның жанқияр атқосшысы Санчо Панса - Бостан Қожабеков. Бас тореадор Эспада партиясында - Олжас Тарланов алғаш өнер көрсетеді. Көше бишісі - Анастасия Заклинская, Әмірші дриада - Әсел Шайкенова, Гүл сатушылар - Әсел Құсайынова, Мөлдір Шәкімова, Гамаш - Рахметулла Науанов, Лоренцо  - Жанәділ Бейсембиев, Амурчик - Гүлзира Жантемір.
null 

Көрнекті, қызықты спектакльдің тұсаукесері өз көрермендерін аққайнар сияқты жанды шымырлататын бейнелі кейіпкерлерімен, музыкасымен, жасампаз оқиғалар желісімен, көңілді әзілдерімен, әсерлі ансамбль билерімен, бас айналдыратын тірену, секіру және айналу сияқты би әрекеттерімен  жаулап алды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, атақты сценограф Эцио Фриджерионың ғажайып декорациялары, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның сәнді костюмдері, проекция жөніндегі суретші Серджио Металлидің 3D-әсерлер мен анимацияларды сәтті қолдануы елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантатын болады.  

Соңғы жаңалықтар