Астанада бірінші ауысымдағы 1-4 сыныптар үшін сабақ болмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары үшін сабақтар болмайды, деп хабарланды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында.

Еске салайық, 4 желтоқсан күні ауа райының бұзылуына байланысты Астана қаласынан шығатын бірқатар күре жолдар жабылды. Атап айтқанда, сағат 14:44-те (көктайғақ) Астана-Атбасар, Астана-Қарағанды бағыттарында қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылды. 16.40-тан бастап Астана-Көкшетау, Астана-Павлодар бағыттары көліктің барлық түрлері үшін жабылды.

Сондай-ақ Ақмола облысы бойынша сағат 15:15-тен бастап ауа райының бұзылуына байланысты (қатты жел, жаяу бұрқасын, көру мүмкіндігінің шектелуі) Астана-Петропавл жолының 18-231 шақырымы аралығында (Астана қаласынан Щучинск қаласына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Сағат 17:00-ден бастап ауа райының бұзылуына (күшті жел, бұрқасын, көру мүмкіндігінің шектелуі) байланысты «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолы (22-205 шақырым аралығы) барлық көлік түрлері үшін жабылды.

Астананың Білім басқармасының хабарлауынша, қауіпсіздік шаралары мен балалардың денсаулығын сақтау мақсатында сабақ мынандай жағдайларда болмайды:

-минус 25 градус және одан төмен, жел секундына 2 метр және одан жоғары болса - 1-4 сынып оқушыларына;

- минус 30 градус және одан төмен, жел секундына 2 метр және одан жоғары болса - 1-9 сынып оқушыларына;

- минус 35 градус және одан төмен, жел секундына 2 метр және одан жоғары болса - мектептің 1-11 (12) сынып оқушыларына, колледждердің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмайды.

Сонымен қатар желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрден асатын болса, температура шегі артады.

Сабақтың болмайтыны туралы ақпаратты таңертең сағат 6.45 - 7.00 аралығында, екінші ауысым түскі сағат 12.15 - 12.30 аралығында мына ақпарат көздерінен білуге болады:

 - «Алма ТВ», «31 канал» және «СТВ» телеарналарында жүгіртпе жолдан;

- «Алма ТВ» ақпараттық кабельді арнасында хабарландырудан;

- Кабельді телеарналар қосылмаған болса, «Хабар», «Қазақстан 1», «ОРТ Қазақстан», «Астана ТВ», «КТК», «НТК» телеарнасында дауыстық хабарламадан, «Радио-Астана», «Ретро-FM», «Қазақстан-РВ», «Авто-радио», «Шалқар» радиоларынан;

-  169 (ақылы), 109 (тегін) нөмерлеріне ұялы телефоннан хабарласу арқылы;

-  www. astana.gov Астана қаласы әкімдігінің сайтынан. 

Соңғы жаңалықтар