Астанада ашылған жаңа үлгідегі балабақшаның артықшылықтары қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жаңа үлгідегі балабақшасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы ең үлкен балабақша болып саналатын 350 орындық жаңа мекеме ҚР орталық мемлекеттік органдарындағы мемлекеттік қызметшілердің балаларына арналған және онда балалардың мектепке дейінгі білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Жаңа балабақша аумағында музыкалық және спорттық зал, хореография залы, бассейн, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері және ертеңгіліктер өткізетін залдары бар.





Әсіресе интерактивтік технологиялар бөлмесі балалар үшін ерекше қызық әрі маңызды болмақ. Ондағы ақылды интерактивтік еден балалар ойынын жандандыруға, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Арнайы медициналық аумақта физиокабинет пен массаж бөлмесі, ата-аналарды қабылдау бөлімі орналасқан. Онда балалар фитотерапия, сауықтыру массажы, табан массажын алып, емдік дене шынықтырумен айналысады.

Оқу-тәрбие барысы қазақ және орыс тілдерінде және қосымша ағылшын тілінде жүреді. Қазақ тілінде басымдық беретін мекеме қызметкерлері балаларға мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдісін қолданады.

«Ана тілін білмейтін баланың еш жазығы жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз - балаларға мемлекеттік тілді үйрету. Ол үшін педагог пен көмекшілер баламен жарты күн орысша, жарты күн қазақ тілінде сөйлеседі. Яғни, күннің екінші жартысында оқу-тәрбие процесі толық қазақша өтеді. Балалар ауызекі сөзді естіп, түсініп, сөйлей бастайды. Осылайша, екі жыл ішінде балалар тілге еніп, үшінші жылы толық қазақ тобына ауысады», - дейді мекеменің директоры Гүлнар Абдуллина.

Балабақшаға 3-7 жас аралығындағы балалар қабылданады. Орташа алғанда балабақшаның бір айлық құны 22 мыңнан басталады. Ата-ана қалауымен бала қосымша үйірмелерге қатысар болса - төлемақы шамамен 35 мың теңге болмақ.


Соңғы жаңалықтар