Астанада әлемдік телеарналардың сарапшылары тәжірибелерімен бөлісуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Қазақстандық телеарналардың контентіндегі цифрлық технологияларды қолдану» тақырыбында аймақтық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аймақтық форумды Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі ұйымдастырып отыр. Еуропа төріндегі дамыған елдің елшілігі сол мемлекетте телерадио хабарын тарататын жетекші «Thomson Foundation» ұйымын шараға арнайы әкелген. Шара аясында Ұлыбритания мен Украина елдерінің тәжірибелері негізінде бағдарламаларды жасау, телеарналарды басқару модельдері оқытылмақ. Жобаның мақсаты - отандық телеарналардың экономикалық тұрғыдан тиімді дамуын жолға қою, интернетке бой үйретіп бара жатқан телеарналардың көрермендерін сақтап қалу, осы мақсатта жаңалық материалдары мен бағдарламалардың сапасын арттырып, телеарналардың өміршеңдігіне серпін беру болып отыр. Аймақтық телеарналардың басшылары бас қосқан форумды «Thomson Foundation» ұйымы  қазақстандық «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-мен серіктесе өткізуде.

«Аймақтық телеарналар неге таңдалды? Өйткені, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері бола бермейді. Әлемдік трендттерді оларға да үйрету өте маңызды. Әлемдік тәжірибе айналып келгенде айтарлықтай шығынды талап етпейтінін білуіміз керек. Ең бастысы, интернет нұсқаны телеарналардың нұсқасымен салыстыра зерттеп, телевидениенің танымалдылығын арттыру жолы көрсетіледі», - дейді «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ жетекшісі Диана Окремова.

Орталық жетекшісі сонымен бірге форумның өту мазмұны туралы туралы да айтты.

«Бұл жоба 9 айға арналған. Шара аясында қазақстандық телекомпанияларға жаңа технологияларды оқыту, мобильді журналистиканы қолдану, аймақтық телекомпаниялар үшін интернеттегі заманауи құралдарды қолдану секілді мәселелер қаузалады. Осы мақсатта шараға Ұлыбританиялық ВВС, украиналық 1+1 арналарының сарапшылары келіп отыр», - дейді Диана Окремова.

Оның айтуынша, форум жұмысы аймақтық телеарнлардың жұмысымен шектеліп қалмайды.

«Екіншіден, форум аясында мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларын оқыту мәселесі қолға алынбақ. Баспасөз хатшыларына ақпарат тарату үшін әлеуметтік желілерді қолдану жолдары бойынша тәжірибелер көрсетіледі. Біз баспасөз хатшыларының жұмысы ширай түсер деген ойдамыз. Өйткені, оларға тілшілер тарапынан дер кезінде ақпаратты бермеу секілді көптеген шағымдары айтылып жататыны белгілі», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар