Астанада алаяқ туристерден 4 млн теңгеден астам қаражат жымқырған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада туристердің 4 млн теңгесін жамқырған алаяқ шартты түрде сотталды, деп хабарлады қалалық сот баспасөз қызметінен.

«2016 жылы Астана қаласында «Voyage tours» туристік агенттігінің ЖШС директоры бола тұра, 23 жастағы әйел заңсыз баю мақсатында төмен бағамен Доминикан Республикасына және БАӘ-ге тур ресімдеу мүмкіндігі туралы «Instagram» қосымшасы арқылы көрінеу жалған ақпарат таратады», - делінген хабарламада.

Туристік қызметті дұрыс көрсетпей, алдап сенімдеріне кіру арқылы сотталушы төрт адамның ақшасын иеленген. Олардың материалдық шығыны 4 млн 455 мың 334 теңгені құрады.

Сот талқылауында сотталушы келтірілген шығынды толықтай төледі. Жәбірленушілер оны бас бостандығынан айырмай жазалауды сұрады. Сот үкімімен оған ҚР ҚК 190-бабы 1-тармағы 3-бөлігі бойынша жаза тағайындалды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы заңды қолданумен оның жазасы шартты түрде 2 жыл 4 айға тағайындалды.

Айыпты үкімге шағымданған жоқ, заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар