Астана полициясы жаяу жүргіншілерден құлаққап пайдаланбауды өтінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуынан орын алатын қайғылы оқиғалар саны жиілей түсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметіне сілтеме жасап.

«Жол-көлік оқиғаларының 20 пайызы жаяу жүргіншілердің жолда жүру ережесін сақтамауынан орын алады. Көпшілік жете мән бермейтін рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршамның жасыл түсін күтпей, жүріп кетудің соңы қайғылы аяқталып жатады. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 43 адам түрлі дене жарақаттарын алса, 11 адам қаза тапты», - дейді Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Полиция өкілінің айтуынша, жаяу жүргіншілермен алдын алу шаралары тұрақты түрде  жүргізіліп тұрады. Оларға Жолда жүру ережесі жазылған жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары өткізіледі. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының орын алуына жаяу жүргіншілердің құлаққаппен ән тыңдауы себеп болатын көрінеді.

«Жол-көлік апатына кез келген фактор әсер етеді. Әсіресе, қазіргі жастардың көпшілігі құлаққаппен ән тыңдап, сыртқы әлеммен байланысын үзеді. Ал жүргізуші көлігін тоқтатып үлгермейді. Сондықтан, қала тұрғындарынан қауіпсіздікке бей-жай қарамауды және жолдан өтерде смартфон мен құлаққапты пайдаланбауды сұраймыз», - деп түйіндеді сөзін Б.Малыбаев.

Соңғы жаңалықтар