Астана медуниверситетінен шығарылған студенттер қанша қаржы қайтаруы тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана медицина университетінің жалған IELTS сертификатымен түскені үшін оқудан шығарылған білім алушыларға жұмсалған қаражат көлемі белгілі болды. Мұндай дерекпен бүгін аталған білім ордасының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім факультетінің деканы Ернар Тұрсынбет бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Магистратура мен резидентура бойынша ай сайын 61 561 теңге шәкіртақы төленеді. Докторантурада оқитын білім алушылар 81 998 теңге шәкіртақы алады. Мұнан бөлек, ай сайын оқуға магистратурада 61 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және докторантурада 120 мың теңге жұмсалады», - деді ол даулы мәселеге орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, оқудан шығарылған 117 адамның 82-сі резидентурада, 24-і магистратурада және 11-і докторантурада білім алған. 66 адам 1-ші курстан, 51 адам 2-ші курстан оқудан шығарылып отыр.

Сонымен қатар Ернар Тұрсынбет білім алушылардың жалған сертификаттарын оқуға түсу кезінде қабылдап алған комиссия мүшелеріне шара қолданылғанын айтты.

«Қабылдау комиссиясының құқықтары мен міндеттерінің барлығы оқуға қабылдау туралы үлгілік қағидаларда жазылған. Оларға қатысты шаралардың барлығы біздің тарапымыздан орындалды. Сондықтан да бұл ретте университетті кінәлі деп санау артықтау болады. Сертификаттарды қабылдау комиссиясы көшірмесін түпнұсқамен салыстырып қана тексереді. Одан ары тексеруге университеттің құқығы жоқ», - деді факультет деканы.

Айта кетейік, баспасөз мәслихаты барысында Астана медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жалған сертификатпен магистратура, резидентура және докторантураға түскендердің тізімін жарияланатындығын айтқан еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды.

2017 жылдың күзінде емтиханды өз күшімен тапсырғандар жалған сертификат ұсынғандардың барына шағымданып, арыз түсірген болатын. Оған сәйкес тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ағылшын тілін білу деңгейі бойынша тіркелмеген 117 сертификат анықталды.

Кейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тиісті комиссия құрылатындығын мәлім етті.

Сонымен қатар, министр аталған оқиғадан кейін өзге де оқу орындары тексерілетінін атап өтті.

Студенттердің жалған IELTS сертификатымен оқуға түсу фактісі бойынша құқық қорғау органдары айналасып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар