Астана көшелерінде «Жеңіс ленталары» таратылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 6-9 мамыр күндері «Жеңіс лентасы» жыл сайынғы патриоттық акциясы өтеді. 

Елорда әкімдігінен хабарлағандай , шараның басты мақсаты - ел игілігі мен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін өз өмірін қиған жандарды, олардың ерліктерін есте сақтау. 2015 жылы Жеңіс лентасы ресми деңгейде жаңартылып, оның жаңа дизайны жасалды.

«Жеңіс күні - барлық ұрпақты біріктіретін мереке. Дәстүр бойынша, елімізде бұл күні фашизмді жеңудің белгісі ретінде георгий ленталарын тарату акциясы өтеді. Бұл игі дәстүр жалғасын табу үшін Жеңіс күнін мерекелеу символының қазақстандық нұсқасы жасалды. Ол ҚР Мемлекеттік туының реңімен әдемі үйлесім тауып отыр», - дейді акцияны ұйымдастырушылар.


Қазақстанның Жеңіс лентасы - жібек матадан жасалған, түсі - көк, ортасында алтын түсті ұлттық өрнек элементтері пайдаланылған. Лентаның жиектерінде Отан соғысы Орденінің (дәрежесі көрсетілмеген) бейнесі орналасқан, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстағы  халқымыздың батырлығы мен ерлігін көрсетеді. Лента георгий лентасы бейнеленген және «9 Мамыр - Жеңіс күні. 1941-1945 жылдар» жазуы бар төсбелгіге бекітілетін болады.

6 мамыр күні сағат 12:00-де акцияның басталуына (қалалық алаң) мәслихат депутаттары, жастар және БАҚ өкілдері қатысады.


Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін ленталар 6-9 мамыр күндері сағат 10:30-дан 18:30-ға дейін қаланың бірнеше нүктесінде, соның ішінде «Бәйтерек» монументінің, «Хан Шатыр», «Mega Silk way» сауда, ойын-сауық орталықтарының маңында және Студенттер саябағында таратылады.

Ленталарды елорда тұрғындары мен қонақтарына әскери киім стилінде костюмдер киген еріктілер табыстайды. Ленталар таратылатын орындарда Естелік қабырғалар орналасатын шатырлар болады.

Сонымен бірге, 9 мамыр күні өтетін екі мерекелік шара барысында да елорда тұрғындары мен қонақтарына Жеңіс ленталары беріледі. 

Соңғы жаңалықтар