Астана атауын өзгерту мәселесі әлі пісіп-жетілген жоқ - депутаттар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астана атауын өзгерту мәселесі әлі пісіп-жетілген жоқ. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл мәселені (Астана атауын өзгерту - ред) талқыламадық. Дегенмен, екі палатаның да депутаттары мерейтойлық Декларация қабылданған салтанатты отырыста Декларацияға оны енгізу туралы бастама көтерген болатын. Бірақ бұл жолы комиссия (Конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия - ред) жазбаша ұсыныс алған жоқ. Жалпы қаланың, әуежайдың, көшелер мен нысандардың атауын өзгерту Парламенттің құзырына жатпайды. Ол жергілікті органдардың құзырындағы мәселе», - деді Парламент палаталарының отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар ол мұндай бастамаларды Қазақстанның кез келген азаматы көтер алатындығын баса айтты.

«Бізде университеттердің басым бөлігі еліміздің белгілі азаматтарының есімдерімен аталады. Бұл мәселені мәслихат қарайды. Елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекеттің жоғары тұлғасы жайында сөз болғанда ол әлі де талқылауды қажет етеді. Дегенмен, менің жеке пікірім, бұл лайықты. Бірақ, бұл мәселе пісіп-жетілгеннен кейін ғана шешілетін болады», - деді Мәжіліс дептутаты.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын . 

Астана қаласына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы Дархан Кәлетаевтың ұсынысы қолдаусыз қалды. Елорда атауы өзгертілмейтін болды.

 

Соңғы жаңалықтар