Ассамблея Төрағасының орынбасары қызметіне құрылысшы мен ұста сайланды - тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада орталық мемлекеттік органдар мен компанияларда ауыс-түйістер болды. Соның бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының тағы екі орынбасарын тағайындау. Аталған ұйымның XXV сессиясында Президент Назарбаевтың өзі тиісті құжатқа қол қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Арын Өрсариев жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

***

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назабарбаев жаңа орынбарларын өзі таныстырды. Олар - Ақтөбе облысының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вешняк пен Қазақстан әзербайжандары қауымдастығының жетекшісі Абилфас Хамидов.

Сергей Вишняк - Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы - экономика және менеджмент. 1978 жылы хром қоспалары зауытында қарапайым слесарь қызметінен бастаған Вишняк уақыт өте келе, аппаратшы, мастер, цех басшысы, бөлімі жетекшісі, сосын біраз уақыт бойы жетекші инженер қызметін атқарды. 1998 жылдан бастап басшылық қызметте жүр. 2000 жылдан бастап - «Динар - Электромаш» ЖШС басқарушысы, ал 2016 жылы Ақтөбе облыстық мәслихаттың депутаты лауазымына сайланды. Сол жерде бюжет, экономика, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына кіреді.   

Ал Абилфас Хамедов - Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Алматыдағы сәулет-құрылысы институтын «өнеркәсіп пен құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын құрылыс-монтаж басқармасында тас қалаушы қызметінен бастады. 1993 жылы «ХЭМКО» құрылыс компаниясының басшылығына келді. 2007 жылдан бері «Әзірбайжандықтар қауымдастығы»  республикалық қоғамдық бірлестігіне төрағалық етіп келеді.  

***

Осы аптада Мемлекет басшысының Өкімімен Арын Өрсариев ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Арын Амангелдіұлы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін елтанушы мамандығы (екі шет тілінде) бойынша тәмамдады. «Болашақ» бағдарламасымен Сорбонна (Париж) университетінің дипломатия және стратегия магистрі дәрежесін алып, саясат ғылымдарының докторы атанды. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының мұғалімі, жоғары санаттағы маман болып бастап, кейін ҚР Сыртқы істер минситрлігінің екінші хатшысы қызметін атқарады.
2000-2005 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі секретариаты аналитикалық орталығының аға сарапшысы, ішкі саясат бөлімінің аға сарапшысы, бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының Ақпараттық-аналитикалық орталығы секторының меңгерушісі; 2005-2007 жылдары - Астана қаласының ішкі саясат департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры; 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары, төарағасы міндетін атқарушы; 2009 жылғы қыркүйектен 2012 жылғы ақпанға дейін - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры; 2012 жылғы 28 ақпанда Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 2015 жылдан бастап Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды.

***

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты Орталық коммуникациялар қызметінде де өзгерістер болды. Ақпанның басында аталған қызметтің ресми өкілі қызметіне тағайындалған Мұрат Жұманбай басқа жұмысқа ауысып кетті. Енді, ол  ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі болады. «Ресми өкіл министрліктің, оның комитеттерінің және министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің қызметі туралы халықты ақпараттандыруға белсенді атсалысатын болады», - делінген мемлекеттік органның ресми хабарламасында.

Айта кеткен жөн, Мұрат Жұманбай бес жылдан астам уақыт ҚР Сыбайлас жемқорлықпен және экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттіктің (қаржы полициясы) баспасөз-орталығын басқарды. Екі жылдай ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі бола тұра, палатаның баспасөз қызметіне жетекшілік етті. Бұдан бөлек, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті қоғаммен байланыс басқармасының жетекшісі болған.

Ал Мұрат Жұманбайдың орнына танымал тележүргізуші-журналист Оксана Лоскутова келді. Қазақшаға судай Оксана да ресми өкіл қызметімен қатар директордың орынбасары болды. Бұған дейін ол Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Оксана өзінің еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында «Армысың, Ақтөбем!» бағдарламасының жүргізушісі, корреспонденті қызметінен бастаған. 2006 жылы - «Рика-ТВ» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі; 2006-2013 жылдары - «Астана» телеарнасында жүргізуші, жаңалықтардың жауапты шығарушысы, тілші; 2013 жылы - «Назарбаев орталығы» ММ баспасөз хатшысы; 2014 жылы  - «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы»  ММ баспасөз хатшысы - жұртшылықпен байланыс қызметінің басшысы; Сондай-ақ 2016 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз хатшысы қызметін атқарды.

***

Ақтөбе қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы ауысты. Бұрынғы бастығы - Мақсат Шляшев өткен жылы маусымның 5-і күні болған террристік акті кезінде тиісті деңгейді шешім қабылдамады, №6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған лаңкестердің ізіне түспеді деген күдікке іліккен болатын. Сол кезде оның орынбасары Ермек Шукановтың да ісі қаралды. Бірақ Бас прокуратура лаңкестік оқиға кезіндегі құқық қорғаушылардың іс-әрекеттерінен ешқандай кінәрат таппай, істі қысқартты. Соған қарамастан, екі полицей де басшылық қызметіне қайта оралмады. Ал жергілікті полиция қызметіне жаңа басшы - 38 жастағы Арман Өтешов тағайындалды.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев ұсынған кандидатураны қолдады. Қалалық жергілікті полиция қызметіне Арман Өтешов тағайындалды. Ол 1979 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында туған. Қарағанды заң институтын бітірген. Еңбек жолын учаскелік инспектор қызметінен бастаған. Кейін тергеуші болып жұмыс істеді. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қобда аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болды. Үйленген. Екі бала тәрбиелеп отыр»,- деді облыстық ІІД баспасөз хатшысы Нұргүл Қонақбаева. Арман Өтешовтың кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған.

***

Осы аптада «Қазақстан халық банкі» АҚ-да жаңа директорлар құрамы сайланды.  «Банктің директорлар кеңесінің құзіреттілік мерзімінің аяқталуына байланысты банк акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында «Қазақстан халық банкі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Александр Павловты, Әнуар Сайденовті, Арман Дунаевты, тәуелсіз директорлар ретінде Кристоф Рёль мен Фрэнк Кайларсты, «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ өкілі ретінде Мәжит Есенбаевты, Үміт Шаяхметованы үш жыл өкілеттілік мерзімімен сайлау туралы шешім қабылданды», - делінген KASE-тің хабарламасында. Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Александр Павлов сайланды.  Осылайша, корпоративтік басқарудың ең үздік халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, банктің директорлар кеңесіне мүшелікке жеті директор, оның бесеуі - тәуелсіз директор ретінде сайланды.

Ал «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесіне жаңа төраға тағайындалды. Аталған қызметке Дәурен Ердебай сайланды.

Соңғы жаңалықтар