«АселорМиттал Теміртау» компаниясы агломашинаны қайта қалпына келтіруге үш млрд. теңге инвестициялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «АселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатында 25-ші маусымда күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіруден соң №6 агломерациялық машина іске қосылды. Компания бұл жобаға шамамен 3 млрд. теңге қаржы салды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары өте қысқа мерзімде - 75 тәулік ішінде жасалды. Жұмысқа 400-ден астам адам жұмылдырылған.

Қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарынан соң агрегаттың салыстырмалы өнімділігі 30%-ға ұлғаяды, дейді «АселорМиттал Теміртау» баспасөз қызметі. Сонымен қатар қалпына келтіру жұмыстары экологиялық жағдайға оң әсер етіп, компания қызметкерлерінің еңбек шарттарын жақсартуға септігін тигізеді.

Осымен екінші жыл қатарынан компания агло өндірісті жаңғыртуда. Өткен жылы №7 агломашина күрделі жөндеуден өткен болатын. Ағымдағы жылдың маусым айында №6 агломашинаны қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Келесі жылы №5 агломашинаны жөндеп, жаңарту және барлық агломашиналардың артындағы жентектелу аумағында жаңа газ тазартқыш салу жоспарланып отыр.

- Металлургиялық комбинат жоспарлы түрде өндіріс көлемін ұлғайтып келеді, - дейді «АселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин. - Агломератшылардың басты мақсаты көлемі мен өндірістік қуаты ұлғайтылған жаңғыртылған домна пештерімізді агломератпен қамтамасыз ету болып табылады. Компания агломерациялық өндірістегі барлық агломашиналарды қайта жөндеуді жоспарлап отыр. Оларды жаңартуға біз 7 миллиардтан астам қаржы инвестициялаймыз.

Соңғы жаңалықтар