Әрбір корей этносы Қазақстанды өз Отаны санайды - Роза Пак

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық корей этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында корей этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні аталып өтті. Бұл мереке корей этносының Қазақстанға күштеп қоныстандырылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік іс-шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыс әкімі, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрғасы Жансейіт Түймебаевтың салтанатты жиынға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді.  Онда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда корей этномәдени бірлестігінің қосып келе жатқан сүбелі үлесі аталып өтілген. Жиында Ұласбек Сәдібекұлы мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени дамуына лайықты үлес қосып жүрген корей этносының өкілдеріне облыс әкімінің алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті. Мерекелік басқосуда ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы басшылығы мен облыстық құрметті азаматтары,  облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Асма Қалыбекова сынды қонақтар сөз сөйлеп, бірлігі  бекем елдің ғана берекесі артып, мерейі үстем болатындығын атап өтті.

Қазақ еліне зор алғысын білдірген облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак әрбір корей этносы Қазақстанды өз Отаным деп санайтынын жеткізді.

 «Қиын жылдар кезеңінде қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыс сезіммен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында өсіп-өндік. Бүгінде бірлігі жарасқан, болашағы зор мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ортақ Отанымыздың көркеюі үшін аянбай еңбек ететін боламыз,- деді Роза Пак.

Салтанатты шарада этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды. 

Айта кетерлігі, 1937 жылдары 100 мыңдай Қиыр Шығыс кәрістері еліміздің әр аймағына күштеп жер аударылған болатын. Бүгінде елімізде 100 мыңнан астам корей диаспорасы өмір сүруде. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 9 мыңнан астам корей этносының өкілдері тұрады. Өңірімізде корей этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 1997 жылы «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ретінде қайта тіркеуден өтті.   Этномәдени бірлестік жанынан ардагерлер алқасы мен жастар қанаты, жексенбілік мектеп, «Маранбон» фольклорлық ансамблі және Кентау қаласы мен Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби аудандарында филиалдары жұмыс істейді. Бұл бірлестік ел бірлігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған кешенді іс-шаралардың жанынан табылып келеді.


Фото https://yassae.ru

Соңғы жаңалықтар