«Әміре» фильмінің алғашқы көрсетілімі қашан өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы фильмнің алғашқы көрсетілімі қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласында фильмнің көрсетілімі алдағы сәуір айының 3-і күні сағат 19:00-де «Kinopark 11 (Есентай) IMAX 3D» кинотеатрында өтеді.

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Астанада аталмыш кинотуындының алғашқы көрсетілімі 2 сәуір күні сағат 19:0-де «Сарыарқа» кинотеатрында болатынын хабарлауда.

Екі мегаполистегі тұсаукесер көрсетілімдерден кейін отандық туынды 5 сәуір күні Қазақстанның барлық кинотеатрларында прокатқа шығады. 

Айта кетейік, көркем фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясы бірлесе түсірген.

Бұған дейін картинаны түсіру жұмыстары аяқталып, оның трейлері шыққанын жазған болатынбыз.

Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор - Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар.

Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen).

Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев пен Еркебұлан Дайыров сомдайды.

Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты  біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды.

«Әміре» фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған.

 

Соңғы жаңалықтар