Америкалықтар Димаштың «Сәлем» әніне фан-клип түсірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Әнші Димаш Құдайбергеннің америкалық фанаттары оның «Сәлем» әніне ролик түсіріп, оны Интернетке жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Austin Ma есімді YouTube-пайдаланушысы жүктеген видеоны Facebook-тегі өз парақшасында әншінің әкесі Қанат Айтбаев бөлісті.



«Димаштың «Бастау» атты концертіне даярланған «Сəлем!» əні. Музыкасы - Димаш Құдайберген, сөзі - Қанат Айтбаев. Америкалық жанкүйерлердің жасаған ролигі», - деп жазды ол.

Бейне-ролик АҚШ-тың Огайо штатындағы Цинциннати қаласында түсірілген. Бір топ жастар «Сәлем» композициясының әуеніне билеп, көңіл көтереді, көлікпен серуендейді. Түсірілім барысында #Dimash USA хэштегі жарнамаланады.



Еске салайық, Димаш Құдайбергеннің «Бастау» концертінің басталуына 10 күн қалғанда фан-клиптердің байқауы жарияланды . Осылайша, Димаштың жанкүйерлеріне шоу-концертке атсалысу ұсынылды.

«BASTAU шоу-концертіне 10 күн қалды! Егер сіз де концерттің бір мүшесі болғыңыз келсе, өз қалаңыздың ортасында Димаштың жаңа әнін айтып, осындай видео түсіріп, бізге жолдаңыз. [email protected] немесе #FanDQ xэштегі арқылы әлеуметтік желіге жариялауға болады. Концертке келе алмасаңыз да, Astana Arena экрандарынан өзіңізді Димаштың жеке концертінде көруге үлкен мүмкіндік бар! Бұл видеоны Астанада (мысал ретінде) арнайы сіздер үшін түсірдім! Ал кеттік!», - деп жазған болатын Димаш Instagram-дағы өз парақшасында.

Еске  салайық, «Бастау» концерті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында 27 маусым күні елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Димаш Құдайберген концертке қатысатын әншілерді көпшілікке жариялаған болатын. Олар - Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, Евровидения-2012 байқауының жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор, Кристина Орбакайте (Ресей) және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы.

Сондай-ақ Димаш Құдайберген Астанада өтетін Ақтөбе облысының мәдениет күндері аясында 26 маусымда ЭКСПО-қалашығының амфитеатрында өнер көрсетеді . Оған сонымен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымдары қатысатын болады.

 

 

Соңғы жаңалықтар