Алматының полицейлері 32 жастағы тұрғыннан тапанша тәркіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының полицейлері 32 жастағы тұрғыннан травматикалық тапанша тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«ПБ-4 ОСА» ұңғысыз травматикалық тапаншасын тәртіп сақшылары «Есеп» шарасының алғашқы күнінде 8-ші шағын аудандағы үйлердің бірінен анықтаған. Ер адам аталған тапаншаны қару-жарақтарды тұрғындардан қабылдауға арналған ауқымды акция кезінде өткізбеген.

«1985 жылы туған Б. есімді тұрғын қаруды мемлекет сатып алған ауқымды шара кезінде мүмкіндікті пайдаланбаған, яғни ол заңды бұзып отыр. Қаруды үйінде сақтаған тұрғынның әрекеті ҚР ҚК 285-бабы бойынша қаралып отыр. Қару процессуалдық тәртіп бойынша алынды. Осы орайда, заңсыз сақталған қаруларды анықтауға арналған шара біздің ауданда ғана емес, қала бойынша жүргізіліп жатқанын ескерте кеткім келеді. Мұндай жағдайлар анықталған уақытта көпшілігі қолы бос емес екенін, заңды білмегенін айтып ақталады. Бірақ бұл сылтау емес. Себебі, қаруларды халықтан қабылдау науқаны туралы тиісті шаралар басталғанға дейін де, шара барысында да барынша насихатталды», -деді Әуезов ауданының ІІБ басшысы Бақыт Қасабеков.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Есеп» жедел шарасы барысында 2 245 қару-жарақ иесі тексеріліп, қаруды сақтау, тіркеу бойынша 79 заң бұзу фактісі анықталды. 55 қару тәркіленіп, иелері әкімшілік жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар