Алматының биотехнологтары Маңғыстауда түйе сүтін өндіруге көмектеспек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының жас биотехнологтары Маңғыстауда ашылған түйе сүтін өндіретін зауытта тәжірибе жинайтын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Аsia milk» сүт зауытының директоры Асхатжан Ыбырай айтып берді.

Маңғыстау облысында Қазақстанда алғаш рет түйе сүтін өндіретін зауыт іске қосылды. Оған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 600 млн теңге жаратылды. Зауыт директоры Асхатжан Ыбырай бүгінгі таңда түйе сүтінен жасалған 40-тан астам өнім дүкендерде сатыла бастағанын айтты. 

«Түйе сүті зауыты Маңғыстау облысы әкімінің қатысуымен ашылып отыр. Зауыт еуропалық құрылғылармен жабдықталған. Бүгінгі таңда шығарылатын өнім түрлері 40-қа жетті. Нақтырақ айтқанда, олар бинөнімдер: айран, йогурт, сүт, сүзбе, шұбат, шалап, таң, т.б. Біз Алматыдан білікті мамандарды шақыртып отырмыз. Сонымен қатар, Алматының технологиялық оқу орындарында биотехонология бойынша білім алған жас мамандарды да жұмысқа тарттық. Біздің зауыт тәулігіне 50 тонна өнім шығарады. Алдағы уақытта шығарылатын өнім түрін 60-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта 15 сүт қабылдайтын орын ашып жатырмыз. Мысалы, Қызан, Таушық секілді елді мекен шаруалары енді өнімдерін қалаға тасып әлек болмай біздің қабылдау орнымызға өткізе алады. Түйе сүтінің литрін 350-450 теңгеден, майлылығы жоғары болса 500 теңгеден қабылдаймыз», - дейді директор А. Ыбырай. 

Оның айтуынша, Қазақстанда шыға бастаған сүт өнімдеріне ресейліктер «құда» түсе бастаған.

«Өнімдеріміз Маңғыстаудағы дүкендерде сатыла бастады. Ресейліктерден, Мәскеу қаласынан сұраныстар түсе бастады. Олар түйе сүтінің пайдалылығын ескеріп отыр. Қазіргі уақытта зауытымызда 35 адам жұмыс жасайды. Жұмысқа жергілікті мамандарды да тартуды көздеп отырмыз. Түйе сүтінен бөлек сиыр сүтінен де өнім шығармақ жоспарымыз бар», - дейді Асхатжан Ыбырай.

Асхатжан Ыбырайдың айтуынша, Қазақстандағы алғашқы түйе сүтінің өнімдері наурыз айынан бастап, еліміздің батыс өңірлерінде сатыла бастамақ. 

Соңғы жаңалықтар