Алматылықтар баспананы үлескерлікпен 20% арзанға сатып ала алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарда баспананы үлескерлікпен 15-20%-ға арзан сатып алу мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ Алматыда үй салып жатқан 40 құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиында азаматтарға тұрғын үйді нарықтық құнынан 15-20%-ға төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін үлестік құрылыс жобасы талқыланды.

 «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ және 40 құрылыс компаниясының басшылығы тиімді жұмыс мүмкіндігін өзара талқылады.

«Бүгінде 140 мың алматылық азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» көмегімен баспаналы болу үшін қаражат жинап жатыр. Олардың жинақ сомасының жалпы көлемі 75,6 млрд теңгені құрайды. Жиналған ақша қазірдің өзінде тұрғын үй заемын рәсімдеуге және 15 000-нан астам пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда біздің салымшылар үшін тұрғын үйдің тек жайлы және сапалы ғана емес, қолжетімді болғаны да керек. Үлестік жоба бойынша клиенттер тұрғын үйді 15-20 %-ға арзан бағада сатып алса болады», - деді ТҮҚЖБ Алматы қалалық филиалының директоры Рахила Балтабаева.

Халық үлестік жобаларға қатысқанға дейін құрылыс компанияларына Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан кепілдік немесе әкімдіктен рұқсат алу қажет болады.

Құрылыс жүргізуші компанияның банкрот болуы, қаржының көзделген мақсатта жұмсалмауы, пайдалануға беру мерзімінің бұзылуы секілді кепілдік жағдайы туындаса, кепілдік беру қоры нысанды салып бітіреді.

Қазіргі уақытта салынып жатқан екі нысан, атап айтқанда Астанадағы «Миллениум парк» Тұрғын үй кешені секциясы және Алматыдағы «Легенда» Тұрғын үй кешенінің алғашқы кезегі Қор кепілдігіне ие болды. Жақын арада мұндай кешендердің қатары өспек.

Осы уақытқа дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Астанада үлестік құрылыс бойынша бір жобаны жүзеге асырған болатын.

1 шаршы метрінің құны 290 000 теңге болатын 100 пәтерден тұратын нысаннан 800 салымшы үміткер атанған еді.

Клиенттер болашақ пәтерді кепілге қою арқылы несие алады.

Яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысына қосымша кепіл іздеп, ұсынып жатудың қажеті жоқ. Ол үй құрылысы жүріп жатқанда-ақ заем алып, несиесін жабуды бастап кете алады.

Соңғы жаңалықтар