«AlmatyInvest 2016» форумында 300 млрд теңге болатын меморандумдарға қол қойылмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 7-9 желтоқсан аралығында Орталық Азиядағы ірі шара «Almaty Invest 2016» форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауқымды шара қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы Алмас Мәдиевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Форум аясында біз 300 млрд теңгені құрайтын 50 меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде индустриалды аймақта бидай өңдеу зауыты мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қалпына келтіру орталығын салу сондай-ақ гипермаркеттер ашу жоспарланған», - деді ол.

Айта кетейік, бұл жұмыстар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-ші қадамын жүзеге асыруға бағытталған. Онда Трансұлттық компанияларды Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін экспорттық тауарлар өндіру секторын дамытуға тарту мәселесі айтылған.

Жиында сөз алған Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубының жетекшісі Мұрат Қарымсақов форумда халықаралық қаржы ұйымдарынан шақыртылып отырған маңызды 25 сарапшы баяндама жасайтынын айтты.  

Еске сала кетейік, форум бағдарламасы 3 күнге жоспарланған. 7 желтоқсан күні Алматы қаласы әкімінің төрағалығымен инвесторлардың аймақтық кеңесі өтеді. 8 желтоқсанда форумның негізгі бағдарламасы бойынша 5 басты бағыт бойынша Алматының инвестициялық мүмкіндігі талқыланады. 9 желтоқсанда өтініш білдірген инвесторларға инвестициялық тур ұйымдастырылып, өндіріс ошақтары көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар